Блогерлердің қызметін заңмен шектеу керек: сарапшылардың айтар ойы қандай

elements.envato.com
elements.envato.com

Депутат сауалы Премьер министр мен Бас прокуратураға жолданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оңай олжа жолында жалған ақпарат таратып, жағдайды ыңғайына қарай бұратын блогерлер жауапкершілік арқалай ма? Оларға заңмен дәреже бекіту бізге қаншалықты керек? Күні кеше «Сапасыз дүниемен елді адастырып жүргендер саңырауқұлақша қаптап кетті» деп мәселе көтерген бір топ депутатқа сарапшылар ой қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шындығы сол, қазір қоғамда жарнамаға сеніп, үй-күйсіз қалғандар мен «алаяққа алдандым» деп өмірімен қоштасып жатқандар көп. Оқырманы көп желі белсенділеріне еріп, отандастарымыздың шетелге, құлдыққа кеткені де белгілі болған. Ол ол ма, миллиондаған жазылушысы барлар келісімшарт пен лицензияны ескермей, курс үйретіп, табыс табуды сәнге айналдырды. «Қазір арнайы бір тақырыпқа бет бұратындар ғана емес, контент жүргізіп, қандай жолмен болса да аудитория ұстап отырғандардың бәрі «блогерге» теңестіріліп кетті» дейді сарапшы. Ал бұл өз кезегінде оларға қандай да бір жауапкершілікті жүктеуге кедергі болмақ.

«Блогер деген кім? Турасын айтсақ, елдің назарын аулап ақша тауып жүрген желі қолданушылары. Оларға қандай да бір міндет жүктемес бұрын, таяқтың екі ұшын ажыратып алуымыз керек. Оқырманы көп елдің бәрін блогер дей алмаймыз ғой. Өз пікірін әлеуметтік желіде белсенді білдіріп жүрген, әрі жазылушысы көп түрлі саланың өкілдері бар. Меніңше, сауатты блогқа жол ашу керек. Ал желі арқылы жөнсіз ақша тауып, елді адастырып жүргендерді бір ізге салу керек. Бірақ бұл жоба өте мұқият қарастырылуы тиіс», – деді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Қылмыстық кодексте жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілігі бар. Сол сияқты, алаяқтыққа араласқандар да бөлек қаралады. Бірақ депутат айтқандай, біздегі заңнама блогерлердің мәртебесін жеке қарастырмайды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Қазақстан Республикасының Заңында журналистердің құқықтық жағдайы нақты айқындалған. Ал блогерлер қарастырылмаған. Блогерлердің құқықтық жағдайын заңдастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, бұл жерде блогерлер мен журналистер теңестіріліп отыр», – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Қаулап кеткен қаржы пирамидасына да блогерлердің жарнамасы тікелей әсер етті деген депутат «Ең қиыны – желі белсенділерінің жалған ақпарат таратуы» дейді. Оның үстіне, азаматтық пікірін араздық үшін айтатындар азаймаған. Кесірі оқырман алдындағы жауапкершілікті сезінбеу, оңай пайдаға құнығуға әкеледі.  

«Ел медиаэтиканы тек журналистерге қатысты деп түсінеді. Қолына қалам алып, қазіргінің қаламы – әлеуметтік желі, сол арқылы ақпарат таратып отырған адамдар. Соның барлығы медиаэтиканы басшылыққа алуы керек. Соның бірі – жауапты болу. Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша егер сіз жалған ақпарат тарататын болсаңыз, қылмыстық жауапқа тартыласыз. Бірақ бұл кімдерге қолданылып жатыр? Неге осы инфлюэнсерлерге қолданылмады?» – деді медиасарапшы Есенгүл Кәпқызы.

Десе де, ақпарат тарататын тараптардың ел алдындағы жауапкершілігі тең болуы керек деген сарапшылар «БАҚ туралы заңды қайта қарағанда адам құқығы, сөз бостандығы шектелмеуі керек» деп есептейді. Екіұшты мәселе біржақты болуы үшін әлі бір ай керек. Өйткені, кешегі депутат сауалы Премьер министр мен Бас прокуратураға жолданды.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

 

Бұған дейін Мәжілісте блогерлердің қызметін заңмен шектеу мәселесі ұсынылғанын еске салайық

 

Новости партнеров