Қазақстанда кәсіпкер саны 26 пайыз артты

06.12.2022 21:58

Алматыда 184 мыңнан астам адам кәсібін дөңгелетіп отыр

Almaty.tv

Биыл Қазақстанда жекеменшік кәсіпкер ретінде тіркелгендер саны 26 пайыз артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұмыс істеп тұрғандардың басым бөлігі Алматыда орналасқан. Қазір мегаполисте 184 мыңнан астам адам кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шамамен 60 пайыз көп. Үздік үштікке Түркістан облысы және Астана қаласы енді.

Кәсіпкерлікті қолдау аясында жұмыс ауқымы кеңейді. Алматының индустриалды аймағында осыдан 1 жыл бұрын ашылған ішкі есіктер шығаратын цех қазір тауарларын Қазақстанның 16 өңіріне сатады. Кәсіпорында 120 адам екі қолға бір күрек тапқан. Елімізде жасалған есіктер сапалы әрі бағасы нарықтан 40 пайыз төмен. Кәсіп иесі Азат Қалиоллаұлы миллиардтаған қаржыны сыртқа құйғанша, отандық кәсіпті қолдау анағұрлым ұтымды екенін айтады. Сондықтан жас кәсіпкерлерді өзіміздің өнімімізді көбейтуге шақырды.  

«Ресейдің есіктері іші толған МДФ болса, бұл ұзақ мерзімге жарамайды. Құлып ұстамайды. Неге? Өйткені, жұмсақ. Біз шығарған кезде ішін ағашпен толтырамыз. Бұл дегеніміз есікті қолданғаннан кейін қанша жыл сіздерге қызмет етеді. Бұл – бір. Екіншіден, отандық өнім ретінде тек экологиялық МДФ-ты аламыз. Бұған өкінішке қарай ешкім қарамайды. Осылай тек арзан, сапалы өнім ғана емес және денсаулыққа зиянсыз өнім шығара алатын мүмкіндігіміз бар. Жастарды да осындай өнім шығаруға шақырамыз», – деді Ішкі есіктер фабрикасының директоры Азат Қалиоллаұлы.

Бүгінде «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында 23 миллиардтан астам қаржыға 404 жоба қаржыландырылған. 3045 жұмыс орны ашылды. Ал фабриканың дамуына зор мүмкіндік берген – Алматы қаласының әкімдігі. Кәсіпкерлікті қолдайтын басқарма оларға 5 жыл бойы бағасы өзгеріссіз қалатындай етіп, жерді жалға берген. Ал Алматы финанс мекемесі жеңілдетілген несиемен қамтасыз еткен.

«Бұл қаланың ішінде тұрып, осындай мүмкіндік беріп жатқан мемлекет. Мұнда электр жарығы да өткізлген. Барлық жағдай жасалған. Almaty Finance деген әкімшілікке қатысты ұйым бар, арнайы бағдарламалары бар. Жоспары бар өндіріс ашам  деген балаларға мүмкіндік бар», – деді Ішкі есіктер фабрикасының директоры Азат Қалиоллаұлы.

Қазір Қазақстанда жасалған өнімге тапсырыс ұлғайған. Мәселен, Алматыда салынып жатқан білім ордаларына осы компанияның есіктері орнатылыпты. Кәсіпкердің сөзінше, егер тауар сырттан алынса, айтарлықтай қымбатқа түсетін еді. Фабрика айына тапсырысқа қарай 10-15 мың есік шығарады. Ал жылына 120 мыңнан астам тауар өндіреді. Болашақта кәсіпорынды кеңейту де жоспарда бар екен.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы