Шымкентте элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылусыз қалды

04.11.2020 21:15

Қоныс тойының орнына коммуналдық мәселелерді шешіп жүрген халық жергілікті биліктің шала жансар тірлігіне наразы

Almaty.tv

Бір шаршы метрі 260 мың теңгелік үйде тоңып отырған шымкенттіктер шу шығарды. Қоныс тойының орнына коммуналдық мәселелерді шешіп жүрген халық жергілікті биліктің шала жансар тірлігіне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Элиталы тұрғын үй кешенінің көкейтесті проблемасын тізіп, тілшілерді шақырған тұрғындардың айтары көп. Олар үйіміз қымбат болса да, сырты бүтін, іші түтін дейді.

Қарашаның қара суығы балтырын сыздатса керек, кешеннен баспаналы болғандардың тең жартысы ауырып қалған. Жылуы жоқ бөлмеде тұрғысы келмегендер қымбат пәтерде тұрса да, арзан үй жалдап  жылынып жүр. Олар жарнамасы жер жарған баспананы қызыға алғанын айтады.

«Келген кезде су да жоқ еді бұл жерде, жарық та жоқ еді. СПК Шымкенттен үйді алған кезде, бізге екі аптадан кейін  барлығы дайын болады деді. Өйткені барлық талапқа сай салынған үй деп бір алдады, көлік тұрағы деп екі алдады, балар ойын алаңы стандартқа сай салынады, уайымдамаңыздар деп үш алдады. Газон төселеді деп, тағы алдады», – деді қала тұрғыны Сандуғаш Сермұрзаева.

Су жаңа тұрғын үйдің бүкіл проблемасын тізіп, тұрғындардың тілшілерді шақыртқанын естісе керек, құрылыс басқармасының өкілдері де төбе көрсетті. Келер апта көгілдір отын беріледі деп сүйінші сұрады. Ал жылудың ауылы алыс екенін жасырмады. Сөзінше, кешен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Сондықтан әрбір пәтер иесі автономды жылыту құрылғысын өзі сатып алып, өздері орнатуы тиіс.

«Қаланың қысымына байланысты бұл жерде газдың құбырын өшірді. Шымкент қаласында барлық құбырды өшіріп, бір мезетте біз газ магистралды құбырына қосылдық. Қосу жұмыстарын жүргіздік сол кезде. Қосылғаннан кейін қазір осындай жағдай болып жатыр. Бұл жерде жоспарға сәйкес болып жатыр», – деді қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Күздібаев.

Қымбат үйден баспаналы болғандар былыққа батқанын кеш түсінген. Сапасы сын көтермейтінін байқағандар пәтер ішінде қайта жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Ал бар қаржысы шаршы метрі 260 мың теңгелік үйдің ипотекасын төлеуден артылмағандары өкініп отыр. Ашынған жұрт жарнама берместен бұрын, үйді толық бітірмеген, коммуналдық жүйесін түгендемеген жергілікті билікке өкпелі.

Ал мердігер компания шаршы метрін 180 мың теңгеге келісіп салған. Сондықтан да «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қойған бағаға қатысымыз жоқ деді.

«Біздің соғылған үйлердің ішіндегі газ құбырларының барлығы дайын. Құжаттары да дайын. Бізге қазір газды жүргізген құрылыс компаниялары бізге сырттан әкеліп берсе, ШРП-ға дейін біз ішке қосуға дайынбыз. Енді 2016 жылғы жобалық-смелатық құжат бойынша шаршы метрін 180 мыңнан соққанбыз», – деді мердігер компания өкілі Мұрат Мұрашимов.

Сырты бүтін, іші түтін үйден баспаналы болғандар бар айтылған сөз жүзеге аспаса, құзырлы органдарға арызданатынын айта тарқасты. Өйткені пандемия кезінде қолдан жасалған суықтан ауырып қалғысы келмейді.