Ал, полиция мен әкімдік жауапкершілікті бір-біріне ысырып отыр
Алматыда люк қақпақтарын қолды қылғандарға тосқауыл болмай тұр. Былтыр ұрылар қаладағы арық жүйесінің мыңнан астам шойын қақпағын шешіп әкетсе, биылдың өзінде 500-ге жуығын үптеп үлгеріпті. Одан қазынаға бірнеше миллионға жуық шығын келген. Ал, ашық қалған құдыққа түсіп, көліктерін бүлдірген жүргізушілерде есеп жоқ.
Металға қызыққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білсе де, одан қолын тартар емес. Қала көшелерінен ұшты-күйлі жоғалып кететін люк қақпақтары сонда қайда кетеді? Мұны Almaty.tv тілшісі Айдана Мейрамбайқызы зерттеп көрген еді.
Алматының Наурызбай ауданындағы Құлбеков көшесінің қазіргі сиқы адам шошырлықтай. Тас жол мен тротуар бойындағы арық жүйесінің қақпақтарын ұрылар түгелдей үптеп кеткен. Соның зардабын мұндағы тұрғындар мен көлік жүргізушілері тартып отыр. Онсыз да жарығы жоқ тас қараңғы көшенің әр аттам жеріндегі үңірейген шұңқыр жаяу жүргіншілердің жүруін қиындатыпты. Ал, жүргізушілер дәл осы қақпақсыз жерге көліктерін жиі түсіріп, бүлдіретін көрінеді.
- Біз секілді қарт адамдар құласа өлеміз. Мұны флягтың қақпағы секілді ашылып-жабылатын етіп жасауға да болады. Ұрылар түнде келіп темірді болгаркамен кесіп жатпайды немесе тоқпақтап ұрып жатпайды ғой. Солай қауіпсіз етіп жасап берсін.
- Түнде далаға шығуға тура келеді, бірақ шығуға қорқамыз, қай жерге түсіп кететініңді білмейсің.
- Өткенде ашық тұрған бұл шұңқырға менің балам мен қызым түсіп кетті. Қайта дене жарақатын алмады, тек киімдерін былғапты. Бұл жерде люк қақпақтары үнемі жоғалады, бірақ оны түгендеп жатқан ешкім жоқ, - деп шағымданды Құлбеков көшесінің тұрғындары.
Дегенмен, ұрланған қақпақтың орнын сипап қалған жергілікті әкімдіктегілер қол қусырып отырмағандарын айтады. Олар үңірейген жерді бірден жапқанымызбен, металға қызыққандар қақпақты сол күні-ақ қолды етеді деп қынжылады. Қазір Құлбеков көшесінде 15 шойын қақпақ жоқ. Сұғанақтармен күресуге дәрменсіз коммуналдық қызметтегілер полицияның қылмысты ашуға құлықсыз дейді.
«Люк қақпақтарын ұрлау деректері бойынша Наурызбай аудандық ІІБ мен қалалық Полиция департаментіне бірнеше рет хат жолданған. Бірақ, ұрылар табылмайды. Сол тұрғындардың арасынан шыққан ұрылар ма, әлде арнайы құрылған қылмыстық топ па, білмейміз. Қылмыс ашылмайды», - деп мұңын айтты Наурызбай аудандық Көріктендіру бөлімінің басшысы Данияр САДЫҚОВ.
Ал, құзырлы орган өкілдерінің айтар уәжі бөлек. Олар керісінше, жергілікті билік өкілдерінің немқұрайлығынан қылмыстың ізін суытпай ашу мүмкін болмай тұр дейді. Сондай-ақ, шойын қақпақтар көбінесе жарығы жоқ көшелерден жоғалатынын ескерген сақшылар, аумақтарды әуелі жарық және бейнебақылау камераларымен жабдықтауға шақыруда.
«Қылмысты ізін суытпай, дер кезінде ашу үшін қылмыс туралы мәлімет дер кезінде түсу керек. Ал, коммуналдық мекемелер жарты жылда бір хатын жазып, бүкіл ұрланған қақпақтарды жинақтап, бір хаттың ішіне тізбектеп жазады. Мұндайда әрине, қылмысты ашу мүмкін емес», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Былтыр тәртіп сақшылары Алматыдағы люк қақпақтарын қолды қылған 57 адамды ұстап, 100-ге жуық коммуналдық мүлікті иелеріне қайтарыпты. Биылдың өзінде 22 қылмыскер құрықталған. Мұндай қылмысқа көбіне бұрын сотты болған өзге өңір тұрғындары мен шеттен келген келімсектер баратын көрінеді. «Ауқымды тексеріс жүргіздік» деп ауыз толтырып айтқан қаланың полицейлері қазір шаһардағы металл қабылдайтын пунктердің ешқайсысы коммуналдық люктерді алмайды деп сенімді жауап берді.
Полицейлердің бұл сөзі қаншалықты шындыққа жанасады, оны білу мақсатында «Алматы» телеарнасының тілшілері арнайы эксперимент жүргізіп көрді. Ол үшін жергілікті билік өкілдерінен арық жүйесінің қақпағы алынып, оны металл қабылдайтын орындарға өткізіп көрдік.
Телеарна қызметкері шойын қақпақты бірнеше нүктеге апарып сатуға тырысты. Әуелі шойынға қызыққандар қақпақтың коммуналдық мүлік екенін көрген бойда оны алудан үілді-кесілді бас тартты. Тіпті, кәріз құдығы мен арық жүйесінің қақпағын қабылдаса бастары бәлеге қалатынын ашық мойындады. Барлығы бірауыздан полицейлер шойын қақпақ үшін қомақты айыппұл арқалататынын мәлімдеді.
«Полицейлер бұл үшін қамайды, оданша басқа жерге апарып сатыңыз. Бізге айыппұл салады, қазір қатты тексеріп жатыр. Бұрын ала беретін едік, қазір тыйым салды», - дейді алыпсатарлардың бірі.
Жүргізуші қақпақты ұрламай өз үйінің ауласынан әкелгенін айтып, қанша айналдырғанымен, қаладағы металл қабылдаушылардыңдың бірі де коммуналдық мүлікті алуға келіспеді. Мұнан соң эксперимент қала сыртында, яғни Алматы облысында жалғасты. Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы темір қабылдайтын нүктедегілер оңай олжаға қуана кетті. Бірақ қауіптің алдын алу үшін жүргізушіні видеоға түсіріп, ақыр соңы темірді сатып алды.
Облыстағы алыпсатарлар ауыр қақпақ үшін небәрі 3700 теңге төледі. Ал, коммуналшылардың сөзінше, мұндай люк қақпақтарының құны ең кемі 50 мың теңге тұрады екен.
Жалпы, Алматыда кәріз бен жылу құдықтарын қоспай, аудан әкімдіктеріне тиесілі жоғалған арық жүйесінің қақпақтарының өзі қазынаға бірнеше миллион шығын келтірген. Былтыр ұрылар қаладан мұндай тор қақпақтың 1100-ден астамын қолды қылса, биыл 400-ін үптеген. Қылмыскерлер әсіресе Алатау мен Жетісу ауданындағы шойын қақпақтарға өш.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы