Наурызбай ауданында орталықтандырылған су және кәріз желілерін жаңадан тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Талай жылдан бері лай суды тұтынып келген Ақжар ықшамауданының тұрғындары енді мөлдір таза суға қол жеткізетін болады. Бұдан бөлек «Қарғалы» су жинау және сүзу бекеті жыл соңында пайдалануға берілмек. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін толықтырады.
Ақжар тұрғыны Сәбира Қадырбаева талай жылдан бері ауызсуды тасып ішеді. Суару маусымы басталса болғаны бақшаға арналған судан да жиі қол үзеді.
«Жаңбыр болған күндері балшық болып тұрып ағады, тіпті, іштегі ауызсу балшық болып ағатын. Кезекпен беріледі. Әкімдік су арнасына машиналар қойып тастаған. Уақытымен жүрсе әйтеуір, үлгерсең құйып аласың, үлгермесең өзіміз су тасимыз», – деді қала тұрғыны Сәбира Қадырбаева.
Дегенмен ақжарлықтардың жауыр болған бұл түйткілі жайлап шешімін тауып келеді. Қазір мұнда үйлерді орталықтандырылған су желісіне қосу үшін жаңа құбырлар тартылып жатыр. Алайда бұл үздіксіз әрі сапалы су бірден қол жетімді болады деген сөз емес. Себебі желілерді тарту жұмыстары бірнеше жылға созылады. Сондықтан қала билігі халықты лайдан арылтып, таза сумен қамтудың амалын алдын ала қарастырыпты. Ықшамаудан сумен Ақсай өзені арқылы қамтылады. Бұлақ суын тікелей тарату үшін өзеннің жоғары бөлігіне 3 жарым шақырым құбыр тартылған. Қазір жұрттың алғашқы легі бұлақ суына қол жеткізіп үлгерді.
Тұрғындар таудан келетін судың сапасы сын көтермейтінін талай рет айтқан. Әсіресе, ауа-райы құбылып, жауын жауса сарғайған су ішуге мәжбүр болатын. Тіпті, тіршілік көзінен қағылатын кездер де аз емес. Енді тұрғындар бірнеше күннен бері таза су келіп тұр деп ризашылығын білдірді.
«Ақжарға қазір жаңа құбырдан су келіп тұр, бір-екі күн болды. Ішетін суымыз тазарып қалды. Жұмыстар жасалып жатыр. Су құбырларын тартып жатыр. Ризамыз», – деді қала тұрғыны Назира Исмаилова.
Ал Таусамалы ықшамауданындағы барлық үй магистральді су және кәріз жүйесіне толық жалғанып болған. Егер жыл соңында құрылысы жүріп жатқан «Қарғалы» су жинау және сүзу стансасы іске қосылса, шағын аудандағы 3200 үй, яғни 12 мыңнан астам адам ауызсуға қол жеткізбек.
«Кәріз, су құбырларын жүргізіп жатыр. Бұрын ескі құбырмен алатынбыз. Оның бәрі ескіріп, қазір мына бәрін жаңадан салып жатыр. Келешекте судан ешқандай проблема болмайды деп ойлаймыз», – деді қала тұрғыны Бақытжан Төлегенов.
Ал енді жалпы қаланы су және кәріз жүйесімен қамтуға бағытталған жұмыстарды қысқаша шолып өтсек:
Жаңа айтып өткен Наурызбай ауданында қазір 8 шағын ауданда құрылыс монтаж жұмыстары жүруде. Соның 3 ықшамауданында 84 км жаңа құбыр салынып біткен. Енді 78 шақырымнан астам желі тартылады. Мұнда Қарғалы су стансасын биыл іске қосу жоспарланған. Сол сияқты Түрксіб ауданында 8 ықшамауданда құрылыс жүруде. Мұнда 18 км-ге жуық желі тартылады.
Ал Медеу ауданындағы Думанда тұрғындар 100 пайыз суға қосылған, қазір асфальт төселіп жатыр. Мұнда 11 шақырымға жуық желі салынады. Алатау ауданында да 90 км-ге жуық құбыр жүргізіліп жатыр.
Бостандық пен Жетісу ауданында да осындай шаруалар атқарылып жатыр.
Айта кетейін, қазір Бостандық ауданында «Ерменсай» су стансасын салу үшін құжат әзірленіп жатыр.
Жалпы биыл «Жаңа Алматы» жобасы аясында 23 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарланып жатыр. 2022-2024 жылдары 36 мыңнан астам үй қосылмақ.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы