Биыл 23 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Алдағы екі жылда тағы 36 мыңнан астам үйге су желісі тартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шеткі аудандардың 85 мың тұрғыны су және кәріз жүйесіне қосылған». Сарапшы мамандар Жаңа Алматының инженерлік инфрақұрылымы туралы осындай пікірде. Жалпы бүгінде Алматыда орталықтандырылған су жүйесімен 1 млн 800 мың тұрғын, яғни қалалықтардың 91 пайызы қамтылған. Былтыр Наурызбай, Алатау, Түрксіб, Жетісу аудандарындағы көшелерге 160 шақырым су құбыры мен 140 километр кәріз желілері салыныпты. Ал биыл қалада халықты сапалы тіршілік көзімен қамту үшін қандай шаралар жасалуда? Мамандар не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшіcі тарқатады.

Құрамыс ықшамауданының тұрғыны Екатерина Котова ескі су құбырларының қайта жаңарып жатқанына қуанады. Себебі оның үйіне келіп тұрған су желісі 25 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Ол алдағы уақытта толық іске қосылса, ауызсу үздіксіз қолжетімді әрі сапалы болатынына сенімді.

«Мамандар бізге жаңа су құбырын жүргізіп берді. Екі қосымша құдық қойды. Бізден сәл алшақ тұрған көше арқылы өтетін магистралды желіден үйге қарай жаңа құбыр тартылды. Инженерлер кейін жаңа желіге қосылған кезде ескі құбырлар өшіріледі деді. Сондықтан бұл біз үшін қуанышты жайт», – деді қала тұрғыны Екатерина Котова.

Шағын ауданда былтыр 13 километр болатын су және кәріз желісі салынған. Биыл тағы 5 шақырымдай құбыр жаңарады. Жұмыстар толық аяқталған соң көшелерге асфальт төселіп реттеледі. Жалпы бүгінде шеткі аудандарда инженерлік инфрақұрылым біркелкі дамымай отыр. Әсіресе, Наурызбай ауданындағы халықтың 50 пайызы суды жеке ұңғымалардан және әр жерден тасып ішеді. Қалған 50 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Осы түйткілді шешу жолында «Жаңа Алматы» кешенді жоспары қабылданып, соның аясында қыруар шара жасалып жатыр.Сарапшылар шеткі аудандарды инженерлік желілермен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтады.

«Қала билігі қазір халықты сумен және кәріз жүйесімен қамтуға қатты мән беріп жатыр. Әсіресе, қалаға кейін қосылған шағын аудандарда жақсы жұмыстар атқарылуда. Жүздеген шақырымдық желілерді салу жұмыстары аяқталып қалған. Қазір Қалқаман, Достық, Алты Алаш, Ұлжан, Таугүл сияқты ықшам аудандары толық сумен қамтылды деп айтуға болады. Қазірдің өзінде шеткі аудандарда 85 мың адам су және кәріз жүйесіне жалғанған», – деді техникалық бақылау және зерттеу компаниясы директорының орынбасары Тимур Әбдірахманов.

Бүгінде Алматыда 6 негізгі су көзі бар. Яғни, суды қала халқы Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай және Қарғалы өзендері арқылы тұтынады. Сондай-ақ, Алматы және Талғар жерасты су көздері арқылы қамтылған. Қазір бұларды дамытумен қатар су жинайтын бекеттерді салу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Мәселен биыл қуаты 15 мың текше метр болатын «Қарғалы» су жинайтын құрылымы салынып жатыр. Осы арқылы жыл соңында 35 мыңнан астам адам үздіксіз сумен қамтылады.

«Өзендерде су бекеттерін салу қаланың жоғары аумағындағы елді-мекендерді тұрақты сумен қамтуға септеседі. Ондағы шағын аудандардың халқы табиғи жағдайларға тәуелді болып келді. Жаңбыр жауған кездерде лай суды тұтынуға тура келді. Енді салынып жатқан су стансаларының арқасында тіршілік көзінің сапасы да жақсарып, үздіксіз тұтынатын болады», – деді «АлматыБасЖоспар» ҒЗИ бас инженері Гүлнар Нахметова.

Су стансаларын іске қосқан соң жүргізілген жаңа құбырлар арқылы су жіберілгенде апаттық жағдайлар болмас үшін, істелген жұмыс пен материалдардың сапасы алдын ала жіті тексеріліп, назарда болады. Тіпті, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл жұмыстарға тұрғындардың өзі қатысуы өте орынды дейді.

«Тұрғындардың істелген жұмыстарға күмәні туатын болса, құбырлардың сапасын тексеруге олардың ниет білдіруі дұрыс. Мәселен осындай жағдай Тастыбұлақ шағын ауданында болды. Сонда құбырдың бір бөлігін алып тәуелсіз зертханаға жібердік. Нәтижесін көрген соң халықтың көңілі орнына түсті. Сондықтан ең бастысы тұрғындардың талап-тілегі ескеру өте маңызды», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

«Жаңа Алматы» жобасы арқылы 24 шағын ауданда 140 шақырым судан бұру желілері салынады. Биыл 23 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарланған. Алдағы екі жылда тағы 36 мыңнан астам үйге су желісі тартылады.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров