Еліміздің суармалы егіншілік дамыған өңірлерінде соңғы жылдары су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Бұл – шаруалардың жылда көтеретін мәселесі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Егілген егін дер кезінде суарылмаса диқандардың ала жаздайғы еңбегі еш кетеді. Ал өнімнің аз шығуы экономиканың өсуіне кері әсерін тигізеді. Өйткені күтіп-баптау жұмыстарын айтпағанда, әр гектар жерді игеру үшін қыруар қаржы жұмсалатыны белгілі. Дәл қазір егістік алқаптарын суару қызу жүріп жатыр. Науқан сайын тіршілік көзінің тапшылығы да анық сезіле бастайды. Бұл түйткіл бүгін өткен дәстүрлі семинар-кеңесте сөз болды. «Егінжай» күні деп аталған басқосуға облыс басшылары, Ұлттық ғылым академиясының өкілдері және кәсіпкерлер қатысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
– Бәріміз түсінеміз, сол су мәселесі жылдан-жылға көтеріледі. Су жүйелерін қайта жөндеу жұмыстарын бастадық. Ол – құны 56 млрд теңге тұратын үлкен жоба. Бірнеше жылға созылатын болады. Бірақ екінші жағынан суды үнемдеп пайдалану технологиясын енгізу керек, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Басқосуға қатысқандар ғалымдардың ғылыми жетістіктерімен, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарымен, сондай-ақ инновациялық әзірлемелермен танысты. Бірігіп, тығырықтан шығудың жолын іздеді.
– Экологиялық, мына жаһандық мәселеде су ресурстарының проблемасы өте жоғары болып отыр. Климатқа төзімді, жаңа сұрыпты технологияларды қазір шаруаларға, фермерлерге көрсетіп жатырмыз. ҚР Ғылым академиясының негізі міндеттерінің бірі де – осы, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма басшысы Қуантар Әлиханов.
Бүгінге дейін институт ғалымдары дәнді дақылдардың 116 жаңа сұрыбын шығарып, өндіріске енгізген екен. Олардың 85 сорты тек бидайға қатысты. Алайда отандық сұрыптың нарыққа енгізілмей, сырт қалғанына шаруалар налиды.
– Бірінішіден, ғылымды күшейтуіміз керек. Мына сорттарды өндіріске енгізуіміз қажет. Бүгін «егінжай» күніне сол үшін шақырып отырмыз. Мына сортты сатып алуға бола ма, қаншаға алуға болады? Жиынға келген 4 облыстың шаруашылық басшылары көріп, сұрап жатыр. Өйткені бұрын білмеген. Бізде өзіміздің отандық сорт бар екенін көбісі түсінбейді, білмейді, – деді ҚАЗҰАЗУ ректоры – ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ егін алқаптарына арнайы дрон ұшырылады. Егістіктің бітік шығуы үшін қажет химиялық элементтерді мәселен трактор себетін болса, сәйкесінше тапталып, 10 пайыз өнім жоқ деп есептеуге болады. Ал мұндайда озық технологияның пайдасы орасан зор.
Бүгінде тек тұқым себу емес, өнім жинаудың өзі механикаландырылған. Егіске берілетін су мен тыңайтқыштың мөлшерін де компьютер қадағалайды. Бірақ адами фактор дала жұмысында басым болып қала бермек.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы