Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы: Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясы қалай өтті

Фото: nur.kz
Фото: nur.kz
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Тұңғыш Президент, Елбасы өз сөзінде бұл міндетті - елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті. Сонымен қатар, сессия барысында ұлтаралық татулықтың қаймағын бұзбау, мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысты ынталандыру, жастарды қолдау секілді өзекті тақырыптар қозғалды. Толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясы онлайн форматта өтті. Оның жұмысына қашықтан 600-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде этно-мәдени орталықтардың өкілдері, Парламент депутаттары, саяси және діни бірлестіктердің басшылары, зиялы қауым өкілдері бар. Биылғы сессияның тақырыбы «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» деп аталды. Осы уақыт аралығында еңсерілген қиындықтар мен жеткен жетістіктер әңгіме арқауына айналды.

Елбасы алдымен 30 жылда жеткен жетістіктерге тоқталды. Тұңғыш Президенттің атап өтуінше, осы уақытқа дейін жүріп өткен жолдың, ұлттық дамудың стратегиялық формуласының дұрыстығы мен тиімділігін сеніммен айтуға болады. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін іргелі таңдау жасады.

«Бұл ең алдымен мемлекеттілік құрылысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді және қазіргі заманғы Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыруға қуатты ресурспен қамтамасыз етті. Осы ретте басты камертон қызметін «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбуласы атқара алады. Бұл сөйлемнің мәні өте маңызды. Өйткені, Констиуцияны жазу барысында оған өте маңызды мән берген едім», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы халықты біріктіретін тағы бір құндылық  тіл екеніне назар аудартты. Бұл ретте еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті.  Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсат пен ортақ ұмтылыс төңірегіне топтасты. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент экономиканы жаңғырту бойынша жеткен табысымызға тоқталды. Каспий теңізінде қазақстандық Ривьера тұрғызылатыны да сессияда мәлім болды.  

«Біз кәсіпорындар салып, жаңа қала тұрғызып жатырмыз. Каспий теңізінде қазақстандық Ривьера салатын боламыз. Мың адамға арналған бір қонақ үй әлемдегі кез келген қонақ үйден жақсы. Антальядан да жақсы. Тағы осындай 3 кешен салынып, қазақстандық Ривьера жасалады. Біз мұны пандемия жағдайында да іске асырамыз. Бұл дұрыс та. Ертеңгі күн туады және біз дайын боламыз», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессияда сөз алған кәсіпкер Олжас Сүлейменов елде талпынған, еңбектенген адамға жетістікке жетуге болатынына сенімді. Дәлел ретінде өзі ауылдан шығып, шетелде білім алып, қазір бизнестен береке тауып отырғанын айтады.

«Өз басым кәсіпкер болғандықтан, еліміздің тұтастығын сақтауда, жалпы қоғамды болып жатқан жағдайдың ортасында болу  біздің азаматтық парызымыз және елге деген алғысымыз деп есептеймін... Ауылдың баласына қазіргі кезде ата-бабамыздың табаны тимеген жерге жастарымыздың қаламы тиіп, шетелдің алдыңғы қатардағы оқу орындарынада оқуға мүмкіншілік туып жатыр», – деді кәсіпкер Олжас Сүлейменов.



Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керегін айтты. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – Ассамблеяның алдында тұрған жаңа міндет деді.

«Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Елбасы Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелгенін айта келе Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы тізігінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Ал, мемлекет басшысы Елбасыға ҚХА-ның Құрметті Төрағасы болуды ұсынды. Әдеттегідей сессия соңында XXIX сессиясың Үндеуі қабылданды.

Асылбек Тойбек


Новости партнеров