Тегін wi-fi: алаяқтықтың тағы қандай түрі пайда болды

04.05.2023 03:49

Интернет алаяқтар ел азаматтарына 3 миллиард теңгеден астам шығын келтірген

Almaty.tv

Алаяқтың арбауы алшақтан жүзеге асқан заман. Қоғамдық орындарға бара қалсаңыз, тегін wi-fi қосылуға асықпаңыз. Өйткені, қаскөйлер желі арқылы қасқағым сәтте қалтаңызды қағуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пәтерді жалға беру, онлайн дүкендегі сауда, көшірме сайттар, жалған сілтеме, тегін wi-fi. Жеңіл пайда табуды көздеген интернет алаяқтар қоғамдағы барлық саланы жайлап алғандай. Айласын ғаламтор арқылы жүзеге асырып жүргендер жазаға тартылмайтынын білетіндей-ақ. Өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, ақшаны шотына аударту - тіпті сәнге айналып барады. Мамандардың айтуынша, алаяқтар азаматтардың жеке дерегін «қара интернеттен» алады.  

«Интернетте арнайы онлайн казинолардың немесе танысу желілерінің, форумдардың көшірмесі жасалады. Сол сайттар арқылы сол сервистердің ақылы қызметі ұсынылады. Көп қолданушылар жеңілдіктерге алданып жатады. Сол жерде өздерінің банк карточкаларының көмегімен банктік транзакция орындайды және сол уақытта сол сайттар сіздің карточкаңыздың барлық мәліметтін жазып алады. Кейін сол мәліметті DarkNet-те сатуы мүмкін», – деді IT маманы Данабай Тұрғынбай.

IT мамандары әркімнің қолы жете бермейтін DarkNet арам пиғылдылардың базарына айналғанын алға тартады. Онда кез келген азаматтың жеке дерегі, банк карталарының нөмірі де саудаға түседі. Алайда, қазір «алаяқты алаяқ алдаған заман» дейді маман. Кейде онда жасырын сатушы жалған ақпарды сатып, алаяқтың өзін арбап түсіреді екен.

«DarkNet-тегі жарнамаларда Қазақстан азаматтарының банк карталары туралы дерек деп жазылып тұрса, сол жерде қысқаша анықтама болады. Мысалы, 500 доллардан мың жарым долларға дейін ақша болуы мүмкін деп көрсетіледі. Егер бір алаяқ сіздің сол дерегіңізді сатып алса, бірақ сіздің шотыңызда 50 ғана доллар болса, оған ешкім жауап бермейді», – деді IT маманы Данабай Тұрғынбай.

Сондай-ақ қазір қоғамдық орындар мен мейрамханаларда, әуежайларда тегін wi-fi-ға қосылуға асықпау керек. Өйткені, алаяқтар желі арқылы жеке дерегіңізге қол жеткізуі мүмкін. Инвестиция салу, желідегі жарнама, күдікті қоңырау, күмән келтіретін хабарлама кезінде де мұқият болған жөн. 4 айдың ішінде Алматыда осындай интернет алаяқтықтың 496 жағдайы анықталып, оның 70 пайызының беті ашылыпты. Арбайтындардың арасында шетел азаматтары да бар екен.

«Алаяқтар – көбінесе отандастарымыз. Арасында шетел азаматтары да бар. Мысалы, Алматы қаласында жуырда ғана полиция қызметкерлері 25 Грузия елінің азаматын ұстаған болатын. Олар біздің отандастарымызға колл-центр арқылы қоңырау шалып инвестициялық жобаларға қатысуды ұсынды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Республика бойынша биыл ел азаматтарының қалтасын қаққан 6 мыңға жуық алаяқтық дерегі тіркеліпті. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары мұндай қылмысты анықтап, ұйымдастырушыларды құрықтау үшін кешенді іс-шараларды жүзеге асырады.  

«Ең көп тіркелетін істер бұл – Астана, Алматы қаласы, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облысында таралған. Мыңға жуық қылмыс аяқталған, мыңға жуығы сотқа жіберілді. Полиция қызметкерлері қоңырау шалатын бағдарламалар, интернеттегі күмән тудыратын сайттарды бұғаттайды. Ұялы байланыс компанияларымен келісім жасалған», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының жедел уәкілі Қаныш Ашжанов.

Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша, интернет алаяқтар ел азаматтарына 20 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Ал биыл бұл көрсеткіш 3 миллиард теңгеден асып отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы