28 жыл өтсе де Елтаңбаны насихаттау мәселесі өте төмен – Жандарбек Мәлібек

© Sputnik / Владислав Воднев
© Sputnik / Владислав Воднев
Almaty.tv тілшісі Елтаңба, Ту дайындайтын цехтың жұмысымен танысып қайтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал мемлекеттік рәміздер қайда және қалай жасалады? Оның стандарттарын кім бақылайды? Нышандардағы әрбір бөлшектің мән-мағынасын білесіз бе? Мемлекеттік рәміздер күнінде Almaty.tv тілшісі  Елтаңба, Ту дайындайтын цехтың жұмысымен жеке танысып, осы сұрақтың шешімін тауып қайтқан болатын.

Нышандарды әзірлеуге құқы бар компаниялар саны көп емес. Мемлекеттік елтаңба мен ту жасайтын Алматыдағы мекеме бірталай жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Бұл цех мемлекеттік ту, елтаңба жасауға арнайы лицензиясын алған.  

«Мемлекеттік символдарды жасау бойынша бұл цехтың үлкен тәжірибесі бар. Елтаңба болсын, ту болсын, оны әзірлеу үшін біраз шаруа жасалады. Оған арнайы материал қолданылады. Ол станокка енгізіліп, кескінделеді. Одан барып метализациялау, бояу сияқты процестер жүреді», – деді цехтың өндіріс бойынша директор орынбасары Саят МАҒЗҰМОВ.

Алдымен мемлекеттік тудың алдын ала өлшенген эскизі қағаздарға осылайша басылып шығады. Арнайы бояумен басылған қағаздар ары қарай матаға енгізілуі үшін келесі цехқа қарай жөнелтіледі.

Жұмыстың келесі кезеңі осы цехта жалғасады. Қағазда дайындалған тудың кескіні 200 градустық ыстық станок арқылы матаға түсіріледі.

Стандарт бойынша тудың ені 1, ұзындығы 2 метр болу керек. Дайын болған маталардың жан-жағы осылайша әдіміленіп, тігіледі.

Елтаңба үлкен еңбектің арқасында, сәулеткер Жандарбек Мәлібектің шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген. Егемендік алған халқымның өз мәдениеті, өз ұлттық дәстүрі, тарихы бар екенін көрсетуді көздеген сәулетші шет жерде жүріп, осы елтаңбаның байқауына қатысқандығын айтады. Ол 28 жыл өтсе де, рәмізді насихаттау мәселесі әлі де кенжелеп тұр деді.

«28 жыл өтсе де Елтаңбаны насихаттау мәселесі өте төмен. Сондықтан көп адам оның ішіндегі нәрсені біле бермейді. Туымыз өзін-өзі жеңістерде ақтап жүр ғой. Ал Елтаңба сол күйі тұр. Соны жастарға насихаттау мәселесін тағы бір айтқым келеді», – деді Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек МӘЛІБЕКОВ.

Елтаңбадағы шаңырақ – өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.

«Біздің туымыз да жұмыс істеп келе жатыр. Біздің әнұранымыз да күнде шырқалып жүр. Сондықтан біз дүниежүзіне ұялмайтындай, белгілі, беделді, еңбексүйгіш, бейбітшіл  дәрежесіне жеттік. Бұл – ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің арқасы», – деді Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек МӘЛІБЕКОВ.

Әлем төрінде ілінген, алып ареналарда желбіреген Қазақтың жалауы мәңгі жасай берсін дейді елім. Сондықтан рәміздердің мән-маңызын жете түсіну әр азаматтың парызы деп біледі автор.

Сая Меңдеке, Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров