Алматыда көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға кәсіпкерлер қол ұшын береді

06.02.2020 02:05

Бүгінде бір ғана Медеу ауданында 1500 көпбалалы отбасы болса, оның 700-ге жуығы АӘК алады

Бұл туралы Медеу ауданы әкімінің 300-ге жуық анамен кездесуінде айтылды. Жиында шаһардағы бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған алматылық, аудандағы қолынан іс келетін көп балалы аналарды жұмысқа алуға және жатақхана мәселесін шешуге көмектесетіндігін айтты. Одан өзге, "Бақытты отбасы" орталығының өкілдері де жеке кәсіпті қалай ашуға болатындығы жайлы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде бір ғана Медеу ауданында 1500 көп балалы отбасы болса, оның 700-ге жуығы атаулы әлеуметтік көмек алады.  

«Атаулы әлеуметтік көмектен қосымша жұмыс жасау арқылы халықтың ортасына тең құқықты азамат ретінде жұмыс істеуге ыңғайлы жағдай жасаймыз деп бүгін 300 анамызды шақырғанбыз. Сол 300 ананың әрқайсысы үйінде отырып, бизнесін аша алады, мейрамхана бизнесінде жұмыс жасауға мүмкіндік ашамыз», - деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

«Атамекен» бизнес орталығына барып, оқып, грантын алып, әрі қарай жұмысымды жалғастырсам ба деген ойдамын. Үйде отыра бермей. Әкім мырзаның көп сөзін тыңдадық. Көңілімізден шықты. Көп мәселелерді білмей жүргенбіз», - деді Медеу ауданының тұрғыны Фарида МАМЫТОВА.