«Жамбыл бабаға тағзым». Алматы әкімдігінің қолдауымен ақынның ауылында да мерекелік кеш өтті. Онда Жетісу жыр мектебі дәріптеліп, дәстүрлі өнер жаңғырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мерекелік іс-шараның шымылдығын «Сазген Сазы» фольклорлық ансамблі ашты. Көпшілікті әсем ән мен тәтті күйге тербеген өнерпаздар Жамбыл жырын әуенмен жеткізді, қазақ күйінің құдіретін танытты.
«Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, қала әкімі Бақытжан Әбдірұлының тапсырмасымен жер жаннаты Жетісуда жыр алыбы Жамбылдың ауылына Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Сазген Сазы» этнографиялық ансамблі концерт беріп отыр. Бұл әрине, елдегі Жамбылдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың бастамасы болып отыр»,– деді Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.
«Бізге осы ансамбльмен болсын, жеке домбырада немесе басқа да орындаушылар болсын, Жамбыл бабамыздың көнеден қалған әндерін орындауды, оны қайта жаңғыртуды жолға қойып, шығармашылығымызға қосып, халықтың алдына шығару үстіндеміз»,– деді «Сазген Сазы» ансамблінің әншісі Жеңіс Ержанов.
«Жәкем- көпшіл еді. Халық қамын, ел жайын ойлайтын» дейді құрметті қонақтардың қатарында отырған Гүлмайрам әже. Гүлмайрам Ахметова- жыр жолбарысы Жамбылдың көзін көріп, сөзін тыңдаған келіні. Концерттік бағдарламаның соңында көпке тілеуін айтып, батасын берген қария естелігімен де бөлісті.
«Атаны ата демейтінбіз біз. Тәте дейтінбіз. Тәтенің туған күніне деп 125 жылдығына дейін өзіміз тойлайтынбыз. Ата жарықтық тек жақсылықты ойлаған кісі ғой»,– деді Жамбыл Жабаевтың келіні Гүлмайрам Ахметова.
Ат арылтып жеткен соң, ауылдағы Жамбыл мұражайына да арнайы бас сұқтық. Мұнда жалпы 12 бөлме бар. Әрқайсысы ақын өмірінен сыр шертіп, бір тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлерге толы. Айта кету керек, үйде жалпы 3200 ден аса экспонат ұсынылған. Сондай-ақ, жыр жолбарысының өміріндегі тарихи сәттерді таспаға түсірген кадрлар да бар. Ал сыры кетпей сақталған жиһаздар 1938 жылы мемлекет тарапынан сыйланған екен.
«12 бөлмеден тұрады үй. Оның алтауы ескерткіш бөлмеден тұрады. Оның ішінде атаның киімдері, жиһаздары, ыдыстары, өзі қолданған дүниелері сол 6 бөлменің ішінде тұрса, қалған алты бөлмеде Жамбылдың кітаптары тұрады»,– деді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражайының қызметкері Айгерім Сарманова.
Әр бөлмеге жеке кіріп, мұралармен жете танысуға тырыстық. Үш мыңнан аса экспонаттың көбі Нұр-Сұлтан қаласындағы Жамбыл жылының ашылуына арналған көрмеге әкетіліпті.Еліміздің әр аймағында Жамбыл атындағы мектептер мен кітапханалар, оқу орындары мен мәдениет ошақтары жеткілікті. Жыр алыбының 175 жылдық мерейтойы да республика көлемінде атап өтілер ірі қуаныш болмақ. Бастысы- өлең өнерінің дүлдүлін дәріптеу, оның мұрасын ұрпақ жадында жаттату.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы.