Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар бұл мәселе 5 жылдан бері жырға айналғанын айтады
Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылының жұрты ауыз суға жарымай отыр. Айжарық шағынауданының тұрғындары қала іргесінде отырып, ішерге су таппай отырғандарына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар бұл мәселе 5 жылдан бері жырға айналғанын айтады.
Жергілікті жұрттың бұлай шу көтеріп, ауыл әкімдігімен кездесу жиыны үйреншікті көрініске айналғандай. Себебі ауыл халқы ауыз су мәселесін көтеріп келе жатқанына 5 жылдан асқан. Жаз шықса болды, 130 мың тұрғыны бар ауданда тіршілік нәрі тоқтайды. Жуынудан бұрын ішерге су таппай қиналамыз дейді.
«40 градус ыстықта сусыз отырмыз. Дүкеннен тек ішетін су сатып алып келеміз. Ал жуынатын су жоқ», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Мереке Қаленова.
Ауыл әкімдігінен пайда болмайтынын түсінген халық өздері жеке меншік компания жалдап, үй-үйге су құбырын тартқызған. Қазір ол да жарамсыз болып тұр екен. Жеке мердігердің өкілі тұрғындардан сұраныс көбейген сайын құбыр тарту жұмысы үшін ақшасын да жыл санап өсіре бастаған.
«Басында үйге су кіргізу құны 100 мыңнан басталған. Қазір 240-250 мың теңге болды. Менің мүгедек балам бар. Соның өзін жуындыруға су жоқ», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Рита Әлімбекова.
Бұған дейін ауыл жұрты «Талғар су» мекемесінің өнімін пайдаланып келген. Енді тұрғындар бірнеше үйді сумен қамтамасыз етемін деп міндетіне алған жеке компанияның артық қыламын деп тыртық қылғанына өкпелі. Су құбырын жүргізумен айналысатын жұмысшылар мүлде талапқа сәйкес келмейтін қондырғы орнатып кетіпті-мыс.
«Бұл үйлердің трубалары біздің стандартқа сәйкес келмейді. Басы 63, ортасы 50, одан кейін 40, сосын 32 аяғы 25-пен бітеді. Негізі біз өзінің көрсетілген қысымынан 3 есе артық су беріп отырмыз. Қазіргі таңда біздің қарамағымызда Алматау мен Нұрия ықшамауданы бар. Ол жердегі 9-қабатты үйлерге 4 қысымен су беріліп жатыр», – деді «Талғар су» мекемесінің бас инженері Кеңес Сүлейменов.
Округ әкімі болып сайланғанына үш жылдан асқан Мирас Баймолданов мәселеден хабардар. Жергілікті жұрттың тіршілік нәріне жарымай отырғанын су жүргізу жұмыстары жеке кәсіпкерліктің иелігінде болуымен түсіндірді. Тұрғындар мен мердігер компанияның арасында келісімшарт болғандықтан біз екі ортаға түсе алмаймыз деп жылы жауып қоя салды.
«Айсұлу ықшамауданында үлкен су мұнарасы салынып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін құрылыс бітеді. Сол кезде су беру жүйесі жақсарады», – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов.
Жыл сайын құрғақ уәдемен тойдыратын әкімдіктің бұл жолғы сөзіне де сенгендер аз. 10 мың текше метр су тазартуға қауқарлы алып қойма құрылысының биыл аяқталатынына да көпшілік күмәнмен қарайды. Жергілікті әкімдік бір байламға келіп, мәселені біржақты шешпейінше, тұрғындарға дүкеннен су сатып алып, күн көруден басқа амалы жоқ.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы