Қызым мен немеремнің өліміне кінәлілер жауапқа тартылсын – алматылық тұрғын

03.11.2020 03:15

Тамыз айында отбасы қалалық полиция депратментіне шағымданған

Almaty.tv

Қызым мен немеремнің өліміне кінәлілер жауапқа тартылсын! Осыдан жарты жыл бұрын Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында босану кезінде туған қызы мен немересінен айырылған Ерлан Мұхамбетов әлі күнге дейін бұл істің ақ-қарасын анықтай алмай әлек. Айтуынша, сәбидің денсаулығын дәрігерлер тоғыз ай бойы қанағаттанарлық деп бағалаған. Тіпті, сараптама қағазында да баланың ірі екені анық жазылып, «Кесарь» тілігін жасау қажет делініпті. Десе де дәрігерлер келіншекті табиғи жолмен босандырмақ болып, мұның арты, қайғы жұтқан ақсақалдың пікірінше өлімге соқтырған. Мәселенің анық-қанығын Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке қаузап көрді.

Былтыр ғана тұрмыс құрып, біраз уақыттан кейін аяғының ауыр екенін білген марқұм 26 жасар Алина Бақытжанова №17 емханаға есепке тұрып, 10 мамырда акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына босануға барған. Карантин деп туыстарын шақыртпай, жанына да ешкімді алғызбапты. 2 күн орталықта жатып, 12-сі күні кешке ақ халаттылар баланы босандыруға кіріскен. Сол кезде дәрігерлер тарапынан бір олқылық кеткен дейді марқұмның әкесі.

«Бала босану жолдарында тұрып қалғанда, оны вакууммен босандырып алған. Тоқтаусыз қан кеткен, 3 лирден 5 литрге дейін қан құйған қызыма. Дегенмен бізді 13-і күні түнде кіргізген кезде, қызың мен немерең өте ауыр жағдайда жатыр деді. Біз неліктен шұғыл түрде Кесарь отасын жасамадыңыздар, неге тексерістен өтпеді дегенімізде, олар бастарын төмен түсіріп, бұл мәселені шешеміз деді. Әлі күнге шешім жоқ. Бізге бір адам хабарласқан емес осы күнге дейін», – деді марқұмның әкесі Ерлан Мұхамбетов.

Ерлан Мұхамбетовтың сөзіне қарағанда, Алина салауатты өмір салтын ұстанып, шылым шекпей, ішімдік ішпей өскен қыз. Жүктілік кезеңін де еш қиындықсыз, жеңіл өткізіпті. Әкесі мұндай қайғылы жағдайдың орын алғанына әлі де сенер емес. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне шағым тастағанында, аталған мекемеге кезектен тыс тексеріс жүргізіліп, 72 беттік шешім шығарылыпты. Онда өлімге себеп – «қағанақ суының эмболиясы» делінген.

«Босану кезінде асқыну пайда болды. Қағанақ суының эмболиясы дейді оны. Әлем бойынша эмболияның жиілігі 8 мың жағдайда бір кездеседі. Мұндай диагноз кезінде пайда болған асқынулар көп жағдайда өлімге алып келеді. 25 пайыздан 95 пайызға дейін өлімге апаруы мүмкін. Ал кесарь тілігі іштегі шақалақ 5 келіден жоғары болса жасалады», – деді қалалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы басқарма төрағасының клиникалық қызметі жөніндегі орынбасары Әлия Айымбетова.

Тамыз айында отбасы қалалық полиция депратментіне шағымданған. Бұл істе кінәлі табылмады деген себеппен тергеу қазір тоқтап тұр дейді марқұмның әкесі. Қазір істі қайта қарап, туғандарымның өліміне кінәлілер табылсын деп, Алматының қалалық прокуратурасына шағым түсіріпті.

«Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық іс тергелуде. Қылмыстық Кодекстің 317-бабының 3-тармағы бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жыл сайын Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында 3,5 мыңдай әйел босанады. Олардың 80 пайызы патологиямен жатады. Мұнда жылына 1-2 қағанақ суының эмболиясы дерегі тіркеледі екен. Соңғы рет ана өлімі бұл мекемеде 2015 жылы тіркеліпті.  

Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы