1 қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркемеген азаматтарға айыппұл салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркеуді әркім өз қаражатына жасауы керек. Ал әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға бұл қызмет тегін көрсетіледі. Негізі тегін чиптеу қалаларда Жаңа жылдан бері жүріп жатыр. Бірақ мамандар көбі уақыт тығыз кезде келіп жатыр дейді. Мәселен, жануарларға арналған орталықтарға күніне 30-дан астам адам келіп, ит-мысықтарын тіркейді екен.
– Арнайы таңба жүйесі болады. Сол таңбаға оларды тіркейміз. Оған вакцинация жасалды ма, жасалған жоқ па,төлқұжат берілді ме, мекенжайы, иесі кім, бәрі жазылады, – деді «Астана ветсервис» КММ директоры Ерлан Зикебаев.
Алдағы айдан бастап егер үй жануары тіркелмесе, оларға қатыгездікпен немесе жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзған болып есептеледі. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес жүргізіледі. Алғашында 34 500 теңге айыппұл салынса, келесі жолы бұл сома бірнеше еселенеді. Жауаптылардың айтуынша, соның арқасында жануарлар туралы ақпарат бір жүйеде көрініп тұрады.
– Біз қазір Цифрлық даму министрлігімен осы сұрақты қарастырып жатырмыз. Қазақстан бойынша үй жануарлары туралы ортақ ақпараттық жүйе жасау керек. Бірақ оның қашан дайын болатынын нақты айта алмаймын. Оған уақыт керек. Қазір әр өңірдің өзіндік базасы бар, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев.
Ит не мысықты Астанада тіркеп, Алматыға барғанда ветеринарлар тексерсе, жануардан ол чип көрінбейді. Әр өңірде және қалада ақпараттық жүйе ұсынатын жеке компания бар. Олар тендер арқылы осы қызметті ұтып алып, жеке дара база жасайды. Ортақ жүйе енгізілгенше, қаладан қалаға барған сайын жануарыңызды тіркеп жүруге тура келеді.
Айта кетейік, сәндік егеуқұйрық, атжалман сияқты үй жануарларының басқа түрін әзірге тіркемесе болады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: СҚО-да балықтар қырылып жатыр