Ту, елтаңба, әнұран – тәуелсіздіктің тұмары
Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін түсірмеу керек. Оларға деген құрмет заңмен емес, отбасындағы тәрбиемен қалыптасады. Осылай сенатор Әли Бектаев көк туды қорлаған жағдай көңілді құлазытқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков рәміздерімізде ұлттық рух, туған елге деген өлшеусіз махаббат барын жастар жете түсінбей жатқанын айтады. Рәміздер арқылы еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігі күллі әлемге жария етілгенін, қазақ елінің болашаққа деген үміті, арман-тілегі орындалғанын ұмытпау парызымыз дейді.
«Мына жастарға айтарым, еліңді, жеріңді құрметтеу үшін Отан кіші мемлекеттен басталады. Сол жерде сыйластық, құрмет, даналық мектебі бар. Егер соларды көбірек алсаңыздар, сонда сіздердің бойларыңызда ата-бабамыздан келе жатқан даналық, рух қалыптасады екен», – деді мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Сенат депутаты Әли Бектаев жастардың бойында рәміздерге деген құрметті қалыптастыру заңды қатаңдатумен емес, отбасындағы дұрыс тәрбиемен қалыптасу керек деп санайды. Тіпті, туымызды тек мемлекеттік нысандарда ғана емес, қоғамдық орындарда, үйлерге де көздің жауын алатындай желбіретіп қойса құрмет күшейтініне сенімді. Бұл өзге елдің тәжірибесінде бар.
«Заңды қатаңдату ғана аздық ететін шығар. Біріншіден, біздің азаматтарымыздың өзінде, әсіресе, жастарымызда тәуелсіз елімізге, тәуелсіздікке деген ерекше бір сезім, патриотизмді қалыптастыру керек сияқты.Рәміз деген ойыншық емес. Рәміз деген біздің тәуелсіздігіміздің, мемлекетіміздің ең негізгі нышандары, белгілері. Сондықтан бұл мәселеге жай қарауға болмайды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Әрине, рәміздерге қатысты мәселеге бей-жай қарамау керектігі рас. Ту, елтаңба, әнұран – тәуелсіздіктің тұмары. Демек оны қорғау, құрметтеу – әр азаматтың қасиетті парызы. Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлаған жағдайда ҚК-нің 372-бабы бойынша 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатынын еске салайық.
Асылбек Тойбек, Данир Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телернасы