Ақтөбеде қоқыс мәселесі шешілер емес. Қала маңындағы жатақхана тұрғындары тұрмыстық қалдыққа арналған жәшіктердің уақытылы шығарылмайтынын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ауламыз күл-қоқысқа толып барады». Ақтөбеліктер осылай деп шағым айтты. Ауа температурасы көтерілген сайын жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Салдарынан шыбын-шіркей қаптап кеткен.
– Ертең қарбыз-қауынның маусымы басталады. Құрттаудың көкесі сонда болады. Тұрғындар қоқысты машинамен әкеліп, тастап кетеді. Тазалық деген жоқ. Үйден шығып, таза ауа жұтайын десек, сасыған иіс мүңкіп тұр, – деді қала тұрғыны.
– Қоқысты уақытында алмайды. Не үшін ақша төлеп отырмыз? Ауланың бәрі қоқысқа толды, тазалап шаршадық, – деді үй басқарушысы Несібелі Жұмағалиева.
Ал коммуналдық қызметкерлер мұны жүктеменің артуымен түсіндіреді. Бір ғана қоқыс таситын көлік 60-қа жуық нүктеге қызмет көрсетеді. Жауаптылар тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде шығарып отыратынын айтты. Алайда олар «ескі жиһаздар, сантехникалық құрылғылар мен құрылыс заттарын жою міндетімізге кірмейді» дейді.
Жергілікті тұрғындар «қоқыс жәшіктерінің маңына бейнебақылау камерасын орнату қажет, сонда ғана тәртіп орнайды» дейді.
– Қоқыс алаңынан қоқысымыз уақытылы алынып жатыр. Бірақ айналасында тұрғындар тастап кетеді. Онымен күресу үшін бейнебақылау камера орнату керек, – деді мердігер ұйым өкілі Мейрамгүл Жетібаева
Ақтөбеде былтырдан бері қоқыс жәшіктерінің айналасына бейнебақылау камерасы орнатыла бастады. Қазір олардың саны шамамен 200-ге жеткен. Жергілікті әкімдік сөзінше, олардың барлығы жедел басқару орталығына қосылған. Соның арқасында осы уақытқа дейін тәртіп сақшылары мыңнан астам тәртіп бұзушыны анықтап, жауапкершілікке тартқан.
Гүлмарал Изатқызы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Атырау облысында ер адам итті өртеп жіберген