Жетісу ауданында жаңа автобус бағыты ашылды

21.02.2020 02:07

Бағытының ұзақтығы 27 шақырымға созылатын №208 автобусқа 56 жолаушы сыяды

twitter.com/akimat_almaty/

Енді сыйымдылығы 56 жолаушыны құрайтын және заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа қоғамдық көлік екінші темір жол вокзалына дейін қатынайтын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауданы, соның ішінде "Кемел" және "Көкжиек" ықшамауданының тұрғындары қоғамдық көлік мәселесін осы уақытқа дейін бірнеше мәрте көтерген болатын. Тіпті, шаһар басшысымен кездесуде аудан тұрғындары жаңа автобус бағытын ашуды сұраған еді.  

Бағытының ұзақтығы 27 шақырымға созылатын №208 автобусқа 56 жолаушы сыяды. Онда 3 орын мүмкіндігі шектелу жандарға арналған. Одан өзге автобусқа кіріп-шығу үшін қол арбамен жүретін жолаушыларға арнайы пандус та қарастырылған.    

Бұл қоғамдық көліктің өзгелерден ерекшелігі мұнда барлығы заманауи технологиялармен жабдықтармен. Атап айтқанда, кез келген жолаушы мұнда уай-файға тегін қосылып, ғаламторға еш кедергісіз кіре алады. Одан өзге, егер ұялы теелфоныңыздың қуаты таусылып қалса, бір мезетте 12 жолаушы телефондарын қуаттай алады. Сондай-ақ, жаздың аптап ыстығында мұнда желдеткіш, яғни кондиционер қарастырылған.          

№208 бағыттағы су жаңа автобустар енді Қоянқұс ауылынан бастап, №47 мектеп арқылы Жолымбет, Есім хан, Постышев пен Бекмаханов көшелерінен «Көкжиек» ықшамауданынан шығып, Солтүстік айналма жолмен Рысқұлов пен Бөкейханов көшелерімен жүріп, Райымбек даңғылындағы екінші темір жол вокзалына дейін барады.        

«Бақытжан Әбдірұлы желтоқсан айында «Кемел» шағынауданында кездесу өткізді. Сол жерде осы сұрақ көтерілді. Енді бүгін міне соның нәтижесін көріп отырмыз», - деді аудан тұрғыны.  

«Иә, шынында біз бүгін қуанып тұрмыз. Өйткені Қоянқұста тұратын мектеп оқушылары біраз жер жаяу жүретін. Енді мектепке де, емханаға да, тіпті вокзалға да барлық жағдай жасалған автобуспен жүретін болды», - деді аудан тұрғындары қуана.          

«№208 жаңа бағыт тек қана Жетісу ауданында жүреді. «Кемел» ықшамауданынан бастап, «Көкжиекке» кіреді. Себебі ол жақта емхана бар. «Кемел» ықшамауданы тұрғындары емханаға «Көкжиекке» барады. Осы бағытта 24 автобус да қатынайды. Оның арасы 8 минут қана», - деді Жетісу ауданының тұрғыны Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Одан өзге алдағы уақытта ауданда тағы бірнеше бағыттағы автобустарды жаңарту жоспарланып отыр.

Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы