Әкімнің айтуынша мемлекеттік сатып алу жүргізілсе, су мәселесін шешіледі
Алматы облысына қарасты Шамалған ауылының тұрғындары көптен бері қордаланып қалған, шешімін табуға шенділер асықпаған мәселелерін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жүз шақты жеке тұрғын үй орналасқан аумақтың хәлі мәз емес. Әуелгісі - ауыз судың жоқтығы. 10 жыл уақыт ішінде жағдайы оңбаған шағын ауданның тұрғындары қазір суды тау өзенінен тасып алады. Ал ыстық су туралы айтудың өзі артық.
Бұл жерден адам да, мал да су ішеді. Тасып ішкені былай тұрсын, таза суға зар боп отырған халық аурудан да аман емес. «Апатты жағдай да аз болған жоқ» дейді тұрғындар.
Апатты жағдай деп бекер айтып отырған жоқпыз. Су тасимын деп тайып жығылған жеткіншектер бар мұнда. Қыс түссе мұз ойып, өзенге жол салатын тұрғындар қашанғы қарайлай береміз деп наразы.
Мәселенің мәнін білмекке әкімдікке бардық. Су тарту үшін сметалық құжат дайын, жер рәсімделген, тиісінше 30 млнға жуық қаражат та бөлінген. Сондағы көпті күткізгені – мердігердің табылмауы ғана. «Мемлекеттік сатып алу жүргізілсе, бірден су мәселесін шешемін» дейді әкімнің өзі.
«Шамалған ауылдық округінің суы 2024 жылы шешіледі. Ал енді жаңағы аталған көше тұрғындарының суы осы жылдың ішінде шешіліп қалады деп отырмыз, бұйырса. Енді аяғына дейін бара ма, келесі жылға дейін бара ма, реттеледі деп отырмыз», – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
«Өткенде мектепте де, мәдениет үйінде де жиналыс болды. Сол кезде де әкімшілік айтты, жол жасап береміз, суды да жөндеп береміз деді. Уәде бере береді», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Марат Ташилов.
Бұл жұрт үшін жаңбырдың жаууы да мұң. Жолы батпаққа айналған тұрғындар ондай күндерде су тасуға да қауқарсыз. Шамалған ауылының өзінде 120 көше бар десек, қазіргі таңда оның 35-іне ғана асфальт төселіпті.
«Асфальт жайып береміз деп нақты жауап бере алмаймын. Уәде де айта алмаймын. Ал тас төгіп, тегістеп береміз», – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
Әкім берген екіұшты жауап - осы. Жол жөндеу басталса, әуелі ауыл ішіндегі тоқсанға тарта көше кезекте тұр. Ал суға да, жолға да жарымаған былайғы жұрт тағы да құрғақ уәдеге қарық болмаса игі.
Мадина Оқас, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы