Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізу қажет. Дәл осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кодексті Парламент сессияның соңына дейін қабылдауы тиіс деді. Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолованың сөзінше, заң жобасы жан-жақты қаралды. 40 жұмыс отырысы өтіп, жобаға 1000-нан астам түзетулер мен өзгерістер енгізілген. Енді Үкіметтің ұсыныстары қарастырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгін Президент өзінің мәлімдемесінде нақты ұсыныстар берді. Біріншіден, карантиннің ары қарай жалғасуы. Сол үшін халқымызды карантинді сақтап, үйде отырып, эпидемиологиялық шарттарды сақтануға шақырамыз. Себебі күннен-күнге ауру асқынып, ауру жұқтарғандардың саны өсіп келеді. Жаңа ауруханалар қосылды. Енді басқа инфекциялық ауруханалардың жұмысы жеңілдейтін шығармыз деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.
Ал Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Хамзабекұлы Мемлекет басшысының мәлімдемесі Қазақстан халқын, соның ішінде білім саласының азаматтарын тағы да бір жігерлендіргенін жеткізді. Себебі барлық жасалып жатқан істер мен шектеулер індетпен күресудің негізгі амалы. Президент жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді деді. Бұл шешімді жоғарғы оқу орындарының басшылығы қолдап отыр.
«Нақты мәселелер, оны шешудің жолдары айтылды. Білім саласына қойылған міндеттер бар. Біз қашықтан оқытуды жалғастыра береміз. Алда сессия келе жатыр. Соның жүйелері бар. Ол айқындалу үстінде. Бірақ бәрі де онлайн болады. Қашықтан оқытылады. Қашықтан анықталады», – деді Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан ХАМЗАБЕКҰЛЫ.