Ықшамаудан маңындағы шағын арық маңын тіпті, жабайы иттер жаулап алған
Күн өткен сайын қоқысқа көміліп барамыз. Жетісу ауданы «Кемел» ықшамауданының тұрғындары осылай дабыл қағуда. Жергілікті халықтың айтуынша, ықшамаудан маңына кім көрінген келіп қоқыстарын тастап кететін көрінеді. Сондай-ақ, қоғамдық көлік те бұл жердің басты проблемасына айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер-ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі деп айтқың-ақ келеді. Алайда, әр жерде тау болып үйіліп жатқан қоқысты көргенде жұмыр жерді мекендейтін сан-мыңдаған тіршілік атаулының ішінде Жер-Анаға адам баласынан артық қиянат жасайтын жан иесі жоқ деген ойға кенелесің. Абырой болғанда, қазір қыс мезгілі, алайда жазда да дәл осы «Кемел» ықшамауданына келсеңіз, қоқыстың иісі қолқаны қабады дейді тұрғындар.
«Жұрт бұл жерге қоқыс тастап жатады. Соларды алып кететін бір көлік керек. Жалпы, бақылауға алу керек қой қайда болса да», - деді тұрғындардың бірі.
«Қымбат көліктер келіп лақтырып кетіп жатады. Адамдарда тәртіп пен ішкі мәдениет», - деді тағы бірі.
Жергілікті тұрғындардың үлкендері осылай әркімді тәртіпке шақырып жүргенімен қоқыстың азаятын түрі жоқ. Қап-қап болып үйіліп жатқан қалдықтар күн санап артып келеді дейді. Ықшамаудан маңындағы шағын арық маңын тіпті, жабайы иттер де жаулап алған.
«Мына жерде жабайы иттер қаптап жүреді. Балаларымыз кешкісін сабақтан қайтқан уақытта алаңдап отырамыз. Ит аулағыштарды бірнеше рет шақырдық. Бірақ, бұл жер ашық болғандықтан ұстатпайды. Тіпті, мына сайға қаппен енді туған күшік пен марғауларды лақтырып кететін болған», - дейді Алена ЯКОВЕНКО.
Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен болған кездесуде тұрғындар барлық проблеманы жіпке тізді. Соның ішінде көпті толғандырған қоқыс полигонына айналып бара жатқан жер туралы да айтылды. Шаһар басшысы бұл түйткілді мәселені тез арада шешу үшін тиісті мекемелерге тапсырма берді.
Арнат Дүйсен, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы