Nur Оtan партиясының мүшесі балаларымен далада қалған қарияның баспанасын қайта қалпына келтірмек

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Өрт сөндірушілер үйдің отқа орануына электр желісінің тоғы ескірген деген қорытынды шығарған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан 4 ай бұрын үйі өртеніп 3 бірдей перзентіменен далада қалған қарияның баспанасы қайта қалпына келтірілетін болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бар шаруаның бітуіне қолғабыс білдіремін деген Nur Оtan партиясының мүшесі, кәсіпкер бүгін Түрксіб ауданындағы ақсақалдың үйіне барды. Ол жөндеуге кететін қаражатты өзі көтермек.

Әбдікәрім Әбдірахманов қазір 63 жаста. 1987 жылдан бері осы үйде тұрып келеді. 1996 жылы баспанасын өрт шалып екі бірдей баласын опат қылыпты. Өмірдің азабын әбден тартқан қария араға уақыт салып қайта шаңырақ көтереді. Бүгінде үш перзент тәрбиелеп отыр. Бір өкініштісі, 4 ай бұрын тілсіз жау баспанасын қайта шарпыған. Ал, жұбайы оқыс оқиғадан кейін жүрек талмасы ұстап көз жұмған. Балаларын амалсыз аядай бөлмеде тәрбиелеп келген қария жақсылықтың барына сенген едім деп отыр.

«Мені жерге тастаған жоқ. Бәріңе рахмет айтамын! Үш балам кішкентай боп қалды. Мамалары да ерте кетіп қалды ғой. 35 жас деген не ол. Мен өзім 63-те. Балаларымның бағы ашылсын. Мен сияқты қиналмасын, мен сияқты күн көрмесін», – деді үй иесі Әбдікерім Әбдірахманов.

Ал, өрт сөндірушілер үйдің отқа орануына электр желісінің тоғы ескірген деген қорытынды жасалған. Қазіргі таңда, күйі жоқ қарияның отбасына еріктілер қол ұшын созып тіпті құрылыс басындағы жұмысшыларға дейін ыстық тамақ жеткізіп жүр. Ал, Nur Оtan партиясының белсендісі, кәсіпкер үйді қайта жасауға кететін шығынды өзі өтемек.

«Үш бірдей баласыменен үйі өртеніп далада қалыпты дегенді телеарналардан көзім шалып қалды. Бұл жағдайға бейжай қарап қала алмадым. Қазір қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы қысқы мерзімге дайындаудамыз», – деді Nur Оtan партиясының мүшесі, кәсіпкер Максим Финогенов.

Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс материалдары толыққанды жеткізілуде. Алдағы 3 ай ішінде Әбдікәрім Әбдірахманов қайта үйіне қоныстана алады дейді құрылысшылар. 

Новости партнеров