Тимур Нұртаев электр қуаты арқылы жүретін автобустар мен жеңіл көліктерге көшуді ұсынды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер бұл туралы ЕCOJER филиалы төрағаларының кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол жанармай мен газдан бас тарту еліміздегі экологиялық жағдайдың әлдеқайда жақсаруына алып келеді деген пікірде. Сондай-ақ, онлайн конференцияда жабайы қоқыс полигондары, қоқысты сорттау бойынша заң жобасын ұсыну және жасыл бизнесті заң деңгейінде қолдау сияқты тақырыптар талқыланды.
«Әлемде электрлік көліктерге көшу тенденциясы үлкен қарқын алуда. Әсіресе, такси көліктері көптеген елдерде жанармайдан бас тартқан. Біз де олардан үлгі алуымыз керек деп ойлаймын. Біз билік өкілдері ретінде оған ат салысуымыз керек. Мәселен, электрге көшкен көлік иелеріне субсидия мен жеңілдіктер қаралуы қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Тимур Нұртаев.
Экологтар қала тұрғындарын қоқысты тастамас бұрын оны сорттауға шақырады. Қоқыс полигонына төгілген кейбір улы заттар өрт шығуына себепкер болуы мүмкін. Ал, бұл өз кезегінде ауаны ластайды. Сондай-ақ, мамандар, бизнес нысандардан қоқыстың қайта өңделуін заңды түрде талап ету керек дейді.
«Аталған экологиялық мәселерді зерттеу кезінде, барлық аудандарда әкімдік тарапынан тиісті деңгейде есеп берілмейтінін анықтадық. Одан бөлек, заң жүйесінде де осы мәселеге қатысты нақты талаптар көрсетілмеген. Сондықтан проблеманы шешуге құқыққорғау органдары да тартылғаны жөн деп санаймын», – деді «ECOJER» қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының атқарушы директоры Қуаныш Балтабаев.