|
14.02.2020 | 21:08
2379

Студенттер тышқан мен жәндік қаптаған жатақханада тұрып жатыр

«Жас Отан» жастар қанаты мен қалалық құзырлы орган өкілдері жастардың тұрмыс тіршілігін тексеріп шықты

Студенттер тышқан мен жәндік қаптаған жатақханада тұрып жатыр

Алматылық студенттер санитарлы нормалары сақталмаған, тышқан мен жәндік қаптаған жатақханаларда тұрып жатыр. Бүгін «Жас Отан» жастар қанаты мен қалалық құзырлы орган өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге  жастардың тұрмыс тіршілігін тексеріп шықты. Қоғамдық топ студенттер үйіндегі өрескел ереже бұзу деректерін анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жас Отан» жастар қанатының мәліметінше, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің №1 жатақханасының студенттерінен анонимді түрде шағымдар жиі түседі. Онда ескі ғимарат тышқан мен түрлі қандала сынды жәндіктердің ордасына айналғаны туралы айтылған. Осыған орай, қалалық әкімдіктің, прокуратура мен төтенше жағдай департаментінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері жатақханалардың жұмысына мониторинг жасап шықты. Кіре бергеннен-ақ, тазалықтың жоқ екені тайға таңба басқандай байқалады.

Есіктердің тұтқалары шұрық-тесік, орындықтар тот басып, жиһаздар әбден тозып кеткен. Жатын бөлмелерді аралаған топ, студенттердің ас үйлеріне де бас сұқты. Ондағы жағдай тіпті жаға ұстатарлық. Техникалық құрылғылардың тазалығы былай тұрсын, ішіндегі өлі тышқанды көріп, айтарға сөз таппадық. Иісі де мұрынды жарады.

«Тәтелер жуып жүрген ғой. Мен енді бұның ішінде тышқанның кіріп кетеді деп ойламаппын. Оның бәрін улап жатырмыз. Бірақ 1958 жылғы ғимарат болғандықтан, бәрібір бұл жерде ондай нәрселер болады», - деді комендант  Жеңісгүл ӘБДІРАСИЛОВА.

Бұл газ пешінің істен шыққанына екі ай болған екен. Алайда сыртқа шығарылмаған. Дәл осы сияқты істемейтін тоңазытқыш та бар. Оған шикі ет салып, сақтап қойған. Оны тексеріп, қадағалап жатқан ешкімді көрмедік.

«Жас Отан» бастаған тексеру тобы бұған дейін 15-ке жуық университеттің жатақханаларын аралап шыққан. Дені қарапайым талаптарға сай келмейді дейді мамандар.

«Біз 2019 жылы да екі-үш рет келдік. 2020 жылдың басында тағы да келіп отырмыз. Бірақ өзіміз өз көзімізбен көріп отырмыз. Ешқандай айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жасалмаған. Біз өзіміз үшін немесе өзімізді көрсету үшін жасап тұрған жоқпыз. Бұл жердегі мақсатымыз - басқа өңірлерден келген, әке-шешесі аузынан жырып беріп жатқан студенттердің мұңын-мұқтажын осы университет басшылығына жеткізу», - деді Алматы қаласы бойынша «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Аталған мәселелерді оңтайлы шешу үшін арнайы анықтама жасалып, тиісті органдарға, университет басшылығына ұсынысхат жіберілмек. Ал ұлттық техникалық университетінің өкілдері №1 жатақхананың алдағы уақытта қайта жөндеуден өтетінін айтып азар да безер болды.  

«Көріп тұрғандарыңыздай, жатақхананың жағдайы осы: бұл жатақхана 1958 жылдан бері келеді. Осыған байланысты университетіміз жаңа Ладыгина жатақханасын ашты. Оның ішін көрсеңіздер, барлығы су жаңа», - деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті студенттер мәселесі бойынша департаментінің бас менеджері Шерзат РОЗМЕТҰЛЫ.

Айта кетейік, Алматы – еліміздегі ең көп жоғары оқу орны шоғырланған қала. Бүгінде шаһарда 39 университет болса, студенттер тұратын 96 жатақхана бар.  

Назкен Еркін, Қобылан Әлдибеков «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир