Алматыда санитарлық талаптарды сақтамаған супермаркет қызметкері камераға жұдырық ала жүгірді

06.06.2020 02:09

Сауда жасайтын зал ішіндегі антисептиктер босап қалған

almaty.tv

Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерінің басым бөлігі санитарлық нормаларды сақтамайды. Бүгін Медеу ауданында бірқатар жауапсыз кәсіп иелері анықталды. Мамандар айналдырған бір сағаттың ішінде қандай олқылықтырды анықтады? Неліктен кәсіпкерлер жұмысына бей-жай қарайды? Almaty.tv тілшісі біліп қайтты.  

Халық көп келетін сауда желісін тексеруге барған арнайы топты әкімшілік дәл осылай қарсы алды. Дөрекі сөйлегені былай тұрсын, олар камераға жұдырық ала жүгірді. Ал мамандар кірген бойда бірнеше олқылықты байқады. Супермаркеттегі кассирлердің біразы медициналық қолғапсыз отыр. Сауда жасайтын зал ішіндегі антисептиктер босап қалған. Оны көріп ұялған филиал директоры қабырғаға ілінген залалсыздандыратын құралды ала қашты.

Бұл – Медеу ауданындағы ірі сауда желісінің бірі. Мұнда келушілердің дене қызуын антисептик құрылғы істен шығып тұр.

Кемшіліктерін тәптіштеп түсіндірген мамандар филиал директорынан түсініктеме алды. Ізін ала, мониторинг жасайтын топ қоғамдық тамақтану орындарын тексерді. Көзге бірден қолғапсыз ас әзірлеп жатқан аспаз түсті. Басында бас киімі жоқ ол ыстық етті кескен кезде медициналық қолғап жыртылып кетеді деген сылтау айтты.

Ішке кірген бойда халық лық толы залға топ ете қалдық. Мұнда 2 метр арақашықтық сақталды деп айту қиын. Келушілер бір-біріне жақын отырып, асықпай ас ішіп отыр. Ал қонақтардың дене қызуын ешкім өлшеп жатқан жоқ.

Ал бұл сол маңдағы тамақтану орны. Қызылмен белгіленген арақашықтық болғанымен, елеген ешкімді көрмедік. Үстелдерде де бір-біріне жақын.  Қызметкерлер маскасыз жүр. Ал дайын астың беті ашық-шашық жатыр.

Сонымен қатар, сән салонында да кемшеліктер табылды. Санитарлық талаптардың бірі – нысан ішінде антисептик, оның жанында құрамы мен сапасын растайтын сертификаты болуы керек.

«Ауданда 130-дан астам объектті қарап шықтық. Оның ішінде қазіргі таңда 30 шақты объект жабылды. Жабылу себебі – санитарлық нормаларды сақтамауы. Келесі ашылуы уақыты сантаирлық нормаларды жөнге келтіріне байланысты. Бізге тиісті ақпаратын жіберсе, сол уақыттан бастап жұмысын жалғастырады», – деді Медеу ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат НҰРҚАСЫМОВ.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы