Аймақта бүгінде 23 мың көпбалалы ана тұрады
Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтарына негізделген мекемелер енді еліміздің басқа да аймақтарында ашылып жатыр. Осылайша, Ақтауда көпбалалы аналарды қолдау әлеуметтік орталығы бой көтерді. Мұнда көмек сұрап келгендерге заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіліп, қандай да бір кәсіпті меңгеруге жәрдем жасалуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Маңғыстау аумағында мұндай орталық бұрын-соңды болмаған. Әйтсе де, оның қажеттілігі бүған дейін туындаған, дейді жобаны әзірлеушілер. Аймақта 23 мың көпбалалы ана мекендейді. Олардың дені психологиялық және заңгерлік көмекке зәру. Аталмыш орталықта бұл қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі.
«Мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар, көптеген қолдау көрсетілді. Құжаттар қабылданған болатын. Сол құжаттармен қалай жұмыс жасау керек, неден бастау керек, соның барлығын басынан бастап, оларға кеңес беру арқылы, тренинг-семинар өткізу арқылы біз үйретуіміз қажет. Сонда мәселенің барлығы шешіледі деген үмітіміз бар», – деді жоба бастамашысы Аят СҮГІРБАЙ.
Жоба бастамашылары заңгерлік көмекті республика деңгейінде де шешуге көмектеседі. Мұнда аналар мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу өткізіп, тұлға ретінде өсіру тренингтеріне, ынталандыру сабақтары мен дөңгелек үстелдерге қатысуға мүмкіндік алады. Мұның бәрі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қажет.
«Ажырасуға жақын отбасылар, солардың мелелерін шешіп, қандай да сөз көмек болса да, бұл өте керек орталық .Уйде де көптеген шешілмей жатқан мәселе көп, ана мен бала арасында, соларға психологиялық көмек керек болады. Өз үйіне келгендей болып отырсын, жасқанбасын, ұялмасын, көмек керек болса, соны айта білсе, біз қол ұшын созуға дайынбыз», – деді көпбалалы ана Майра МҰРЗАЕВА.
Көпбалалы аналарды қолдау әлеуметтік орталығы облыс әкімшілігінің мұрындық болуымен ашылды. Онда қазір мобильді топ құру мүмкіндіктері қарастырылуда. Болашақта орталық өкілдері қандай да бір себептермен облыс орталығына бара алмайтын көпбалалы аналарға кеңес беру мақсатында шалғайдағы ауылдарға сапарға шығуды жоспарлап отыр.
Сая Меңдеке, Асқар Серғалиев, «Алматы» телеарнасы.