Алматыда қоғам қайраткері Санақ Әбеуовтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды

04.01.2021 18:10

Мемориалды тақта Санақ Әбеуов 1973 жылдан 2008 жылға дейін тұрған Жамбыл және Төлебаев көшелерінің қиылысындағы көбқабатты үйдің қабырғасына қойылды

Бүгін Алматыда қоғам қайраткері Санақ Әбеуовтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемориалды тақта Санақ Әбеуов 1973 жылдан 2008 жылға дейін тұрған Жамбыл және Төлебаев көшелерінің қиылысындағы көбқабатты үйдің қабырғасына қойылды. Бүкіл ғұмырын мемлекеттік қызмет пен ауыл шаруашылығы саласына арнаған қоғам зиялысын еске алып, құрмет білдіруге туған-туыстары мен жақындары жиналды.

«Санақтың жоғары дәрежелі Европалық тәрбиесі бар, білімі бар. Өте салдарлы, салалы, білімді жігіт еді. Көп жерде қызмет атқарды, тәжірибесі мол. Әттең, жас кетті деп өкінеміз, әрине. Санақ 80-ге келді дегенге сенбеймін. Өйткені менен үш жасқа ғана кіші екен. Соған қарамастан, менің балам секілді еді. Әр уақытта жүгіріп, қызмет етті», – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Айта кетейін, 1941 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген Санақ Әбеуов Кеңестік кезеңде түрлі партиялық қызметте жұмыс істеген. Кейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ, Луговой ауданының әкімі болған. Ал, өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Республикасы президенті Іс басқарушысының көмекшісі болып,  2008 жылы дүниеден өтеді. Осылай, халқы үшін елеулі еңбек еткен мемлекет қайраткерінің құрметіне жиылған қауым Санақ Әбеуов туралы жылы естеліктерімен бөлісті. 

«Санақ Әбеуұлының болмысы, өзінің еліне деген қарым-қатынасы, үлкенді сыйлауы, кішіні құрметтеуі – ерекше азамат болатын. Ол кісінің бүкіл өмірі, ұстанымы, осы өсіп келе жатқан жастарға үлгі болатын азамат еді. Өзі өте сауатты болатын. Оның бергі жағында заманның ағымына түсінігі мол болатын. Жастарға тек ақыл айтып отыратын. Сондықтан да, Санақ Әбеуұлын біз мәңгі есімізде сақтаймыз», – деді ҚазҰУ профессоры, С.Әбеуовтың замандасы Әбдімүтәліп Әбжаппаров.