Түрксіб ауданын тұтас бір көше ауызсусыз отыр

21.09.2019 02:10

«Әлмерек» ықшамауданында 18 көшеде 1100 жеке үй болса, соның 600-і ғана ауызсумен қамтылған

Түрксіб ауданындағы бір көшенің тұрғындары ауыз су құбырын тартып беруін сұрайды. Ал, «Әлмерек» ықшамауданында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанымен Мәңгілік ел көшесіне жетпей, құбыр бұрылып кеткен. Тіпті, жоспарға да кірмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындар 10 жылдан бері суды тасып ішеміз дейді. Ал, өз есік алдыларынан қазып алған сулары жарыққа тәуелді. Жауынды күнді жарық сөнсе, одан да қағылатындықтарын айтады. Толығырақ тілші тарқатсын.    

Түрксіб ауданы «Әлмерек» ықшамауданында 18 көшеде 1100 жеке үй бар. Олардың 600 ауыз сумен қамтылған. Десе де таза суды әлі күнге дейін тасып немесе сатып алып ішетіндері бар. Биылдан бастап көшенің шаңын шығарып қазып жатқан ауыр техникаларды көргенде тұрғындар бөріктерін аспанға атқан еді. Алайда, білдей бір көшеге су тартпақ түгілі қазып бастамаған. Мәңгілік ел көшесі тіпті, жоспарда жоқ болып шықты.

«Су 20 метр тереңдіктен шығады. Лас су ішіп отырмыз. Кір жуған кезде дұрыс ашылмайды ғой. Ал, балалар ауырса кімнен көреміз?», – деді тұрғындардың бірі Айнұр ҚАДЫРБАЕВА.

«Бір қызығы, газ жүргізген кезде біз жоспарда бармыз да, ал суды жүргізген кезде біз жоспарда жоқпыз. Бұл қалай болғаны? Суды жерден қазып ішіп отырмыз.  Ал, ол суды ішу мүмкін емес.  Құбырды ары қарай алып кетті. Төрт үй сосын тұтас Мәңгілік ел мен Ұлы дала көшесінің төрт үйі қалып қойдық», – дейді тағы бір тұрғын  Анар ШОРТАНБАЕВА.

Қалалық әкімдіктегілер мұндай олқылықтың орын алуын екі себеппен түсіндірді. Бірі «Әлмерекке» су жүргізу жобасы 2014 жылы басталған. Сол кезде үйлердің құжаттары дұрыс болмаған болуы мүмкін дейді. Алайда, онда 12 жыл бойы тұрып жатқан тұрғындар барын ескерсек, ондағылардың сусыз қалуына бұл жерде басқа себеп бар. Жобаға тапсырыс берген энерготиімділік және инфроқұрылымдылық даму басқармасындағылар көше тізімін жергілік әкімдіктегілер береді деген алға тартты.              

«Біз аудандық әкімшілік пен көшенің, үйдің тізімін ситуациялық схеманы келісім арқылы аламыз. Бізге жобалық жұмыс кезінде аудандық әкімдік тізімдерді береді. Сол кісілердің ақпараты арқылы жобалық жұмыс жүргіземіз», – деді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдылық даму басқармасының бөлім басшысы Рита ТАЛДЫБАЙ.

Естеріңізде болса, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тамыз айының басында Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескенде жарықтандырудан бөлек ауыз сумен қамту мәселесі де басты назарда болған еді. Бүгінде аталған аудандағы үш ықшамауданда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар тек 2020 жылдың соңында толықтай ауыз сумен қамтылады дейді.

«Жоба бойынша жалпы ұзындығы 12 шақырым магистралді және 4 шақырым абоненттік құбыр жүргізу керекпіз. Бүгінгі таңда 12 шақырымның 2 жарым шақырымының жұмыстары бітті. Жобаның толықтай бітуі 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Ал, ескерусіз қалған Мәңгілік ел көшесінің су жүргізу жобасына енбей қалғанын біздің түсірілім тобынан білген қалалық әкімдіктегілер егер осы құрылыс жұмыстарымен бірге су тартуға мүмкіндік болса, қосып береміз деді. Ал, қаржылық жағдай келмесе, бөлек жоба жасаймыз деп сендірді.

Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы