Соның арқасында бюджет қаражаты 1,4 млрд. теңгеге үнемделіпті
Бүгін Қазақстан Республикасының Әділет министрі Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ведомство басшысы автоматтандырылған ақпараттық жүйенің нәтижесінде борышкерлермен, өндіріп алушылармен, жеке сот орындаушыларымен жұмыс жүргізу әлдеқайда оңтайландырылды деп есеп берді. Алайда Парламент Мәжілісінің депутаттарын бұл баяндама қанағаттандырмады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін борышкерлер қарызының бар екенін шетелге ұшар кезде немесе мүлкіне арест қойылып, есеп шот бұғатталғанда ғана біліп жатады. Бұл сот орындаушыларының, айыппұл салған өкілетті органның жұмыстарына деген немқұрайлылығы деп баға берді депутаттар.
«Тағы бір айта кетін кемшілік – көптеген жеке сот орындаушыларының біліктілігі төмен. Заңда әр үш жыл сайын олар білімін арттырып, кәсіби біліктілігін жоғарылатып тұрулары керек. Бірақ, уақыттың талабы бойынша Заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Сондықтан оларды үнемі оқытып тұру керек. Сондай-ақ борышкерлердің атында мүлкі барын біліп тұрып, шара қолданбайтын сот орындаушылар бар. Осы жылдың өзінде Ішкі істер органдарына сот үкімін орындамау бойынша 2 мыңнан астам материал жіберілген», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Светлана БЫЧКОВА.
Сот орындаушыларына деген шағымдардың 35 пайызы алимент өндіре алмай жүргендерден түседі екен. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша проблемалы алименттер саны 13 мыңға жеткен. Жалпы берешек 5 миллиард теңгеден асқан. Алимент төлеуден қашып жүргендерді жауапқа тарту механизмі жеткіліксіз дейді халық қалаулылары.
«Менің ойымша, қазіргі механизм дұрыс емес. Борышкер айына 5-6 мың теңге төлеп жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін. Сондықтан Заң жүзінде әр баланың жасына қарай алимент көлемін белгілеу керек. Мысалы, 1 жастағы бала мен 10 жастағы балаға жұмсалатын қаржы көлемі жер мен көктей. Бұл шетел тәжірибесінде бар механизм. Бізге де қажет секілді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым КЕСЕБАЕВА.