Ол арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар техникалық оңалту құралдарының 55 түрінің 24-іне және мемлекеттік мекемелерде арнайы әлеуметтік қызметтерге тапсырыс бере алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Портал келесі жылдан бастап пилоттық режимде жұмысын бастайды. Қаланың әр ауданында жаңа жүйені түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда техникалық оңалту құралдары, жеке көмекшілер және ымдау тілі мамандары мен өзге қызметтер мемлекеттік сатып алу арқылы ұсынылады. Аталған рәсім 8 айға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан мүгедектер тендер жүйесі қолайсыздық туғызатынын айтады. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылғы 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде әлеуметтік қызметтер порталын іске қоспақ. Мамандардың сөзінше, осылайша техникалық оңалту құралдарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға арналған бизнес-процестердің уақытын 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Мен мұны қолдаймын. Бірақ бір ерекшелігі бар кейбір 3-4 қызметті абайлап істеу керек. Оны 1-2 жылда қалай мониторинг жасап шығады? Қол арбаны 2-3 айда қалай алады? Өйткені қазір басқарманы бір көзден алады дейді. Сондықтан да бізде ол көпке созылып кетпей ма деген қауіп бар», - деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли АМАНБАЕВ.
Портал электронды сандық қолтаңба кілті арқылы жұмыс істейді. Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқарма өкілдері жаңа жүйені енгізу арқылы әлеуметтік көмекті үйден шықпай-ақ алуға болатынын алға тартуда. Одан бөлек, бұл жерден жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер туралы ақпаратты, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алу қамтамасыз етіледі.
«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, дыбыстық техникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ мүгедектер арбаларын беруді қамтиды. Ал техникалық оңалту құралдарының қалған 31 түрі 2020 жылдың екінші жартысына дейін кезең-кезеңімен енгізіледі», - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бөлімінің бас маманы Аманат СҰЛТАНҒАЗИЕВ
Қазіргі таңда әлеуметтік қызметтер порталының қызмет ету тетігін түсіндіру жұмысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Сондай басқосу Медеу ауданында ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, Алматыда 45 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Соның ішінде техникалық оңалту құралдарының 24 түрі бойынша 5 мың кембағал жан қызмет алады екен.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы