Қабырғасы көгеріп, жертөлені сыз басты: тұрғындар ПИК төрағасының есеп беруін талап етті

24.02.2023 20:01

Әкімдік өкілдері кооперативтің жұмысын сейсенбіге дейін қатаң бақылайды

Almaty.tv

Алматыда 500-дей адам шатырынан су кетіп, жертөлесін сыз басқан үйде өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, құбырлары шіріп, подъезі шаңнан көз ашпайтын үйде тұру мүмкін емес. Шаруаға жауапты кооператив үйге қарамақ түгілі кіреберістерді де жинап, жуудан қалған.

«Жаңбыр жауса да, қар ерісе де су ағады. Одан кейін таракан, қандала, тышқан көп. Жертөлені су алып кетті. ПИК ештеңе істемейді», – деді қала тұрғыны Зинагүл Оразалиева.

Ал бесінші қабатта тұратын тұрғындар жаңбырлы күні төбеден аққан сумен алысып, әлек болады. Подъездерде ашық-шашық жататын электр желілері де адам өміріне қауіпті.

«Жаңбыр жауса төбемізден су ағады. Жуынатын бөлмедегі құбыр шіріп кеткен. Бөлменің қабырғалары көгеріп кетті. Содықтан да жиі ауырып қаламыз. Қанша рет қалтамыздан ақша шығарып жөндеттік», – деді қала тұрғыны Зәуре Жайсаңбаева.

Үйдің жертөлесіндегі жағдай, тіпті сорақы. Қолқаны алатын иіс пен дымқыл ауадан тұншығуға болады. Жертөленің іші батпақ, су басып жатыр. Қараусыз қалған бұл жер үй-күйсіз жүргендердің панасына айналған.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің қараусыз күйге түсуіне жұмысына жауапсыз ПИК кінәлі. Коммуналды төлемдер төленсе де, кооператив елдің уәжін елемей, халыққа жиналыс өткізіп, есеп бермейтін көрінеді.

«Барлық желдеткіш каналды, жертөлені, ондағы құбырларды тазартып, кептіруін талап етеміз. Бұл үйде таракан, егеуқұйрық қаптап кеткен. Үйдің төбесін, сыртын да жөндеу керек», – деді қала тұрғыны Нәсіп Бишекова.

ПИК төрағасымен байланысқа шығу мүмкін болмады. Есесіне, қаланың коммуналдық шаруашылығына жауапты әкімдік өкілдерінен жауап алдық.

«Аталған үйге «Біржан» ПИК жауапты. Оның төрағасымен жертөлені тазартуға, инженерлік желілерді реттеуге қатысты түсіндіру жұмысы жүргізілді. Мәселелерді алдағы аптаның сейсенбісіне дейін реттеп, шешіп беретінін хабарлады», – деді коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Бекежан Алмырзаев.  

Әкімдік өкілдері кооперативтің жұмысын сейсенбіге дейін қатаң бақылайды. Ал тұрғындар жоғарыдағы түйткілдерді қағазға түсіріп, жауапты басқармаға ресми түрде арыз жазуы тиіс. Егер үйдің шаруашылығына жауапты компания талаптарды уақытылы орындамаса, ПИК төрағасына тиісті әкімшілік жаза қолданылады.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» теларнасы