Алматы: Жетісу ауданында 314 отбасыға көмек беріледі

31.03.2020 02:11

Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері кезекті рет азық-түлік пен антисептиктер салынған қол сөмкелер таратты

Almaty.tv

Шаһарда көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға қолдау қарқынды жалғасып жатыр. Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері кезекті рет азық-түлік пен антисептиктер салынған қол сөмкелер таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азық-түлік пен антисептиктер толы автобус Жетісу ауданының мұқтаж жандарына жол тартты. Сөмкелердің ішінде ең қажетті деген ұн, сұйық майдан бастап вирусқа қарсы антисептиктердің бәрі бар. Аудан басшылары бұл шара дәстүрлі түрде жалғаса береді дейді.

«Кеше ғана бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен біздің қаламыздың «Жаңа Алатау» деген фондымыз бар. Сол жақтан Жетісу ауданына 314 көп балалы анаға, І,ІІ топтағы мүгедектеріне және үлкен кісілерге осындай көмек көрсетіліп жатыр. Бүгін осы Жетісу ауданында 314 отбасыға көмек беріледі», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.


2009 жылдан бері тағдыр тәлкегіне түскен Баян Асылханқызы елеп-ескеріп, ұмыт қалдырмаған әкімідік өкілдеріне алғысын айтты. Осындай кезде бір-бірімізге демеу көрсетіп, жұмыла жұдырық болған жағдай бұл қиындықты да артта қалдырамыз дейді зейнеткер.

«Әркім өзін-өзі қорғаса, таза жүрсе, салауатты өмір салтын ұстанса бәрі жақсы болады. Ауру даладан келмейді. Өзімізден келеді. Өзімізді - өзіміз қорғасақ таза жүрсек көпке берген пайдамыз сол. Өзімізге берейік пайданы да, көмекті де. Кезінде әке-шешеміз жоқшылықты да көрген. Қиын заманды да көрген. Мұны да біз өткереміз», – деді Жетісу ауданы тұрғыны Баян АСЫЛХАНҚЫЗЫ.

Аудан шенділері көмекке мұқтаж жандар ескерусіз қалмайтынын мәлімдеді. Тізім бойынша қажетті керек-жарақтары уақытылы жеткізіліп отыратын болады.

Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы