Автобусқа баса-көктеп кіріп, жүргізушіні соққыға жықты: Алматыдағы оқиғаның мән-жайы

26.07.2019 02:12

Жүргізуші денсаулық жағдайына байланыс демалыс алды. Екі ер адам ұсталды

Алматыда №14 автобус жүргізушісін екі ер адам соққыға жықты, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Оқиға 21 шілде, жексенбі күні кешке болған. Видео Instagram-дағы Kris_p_brothers парақшасында жарияланған. Алдымен бір ер адам келіп, жүргізушімен сөйлесе бастайды. Бірер секундтан соң тағы біреуі қосылады. Олар кабинаға кіріп, жүргізушіні соққыға жығады.

«Бату Travel жолаушылар тасымалы орталығы» директорының орынбасары Серік Ұрымбаевтың айтуынша, жүргізу жұмысын аяқтап, Ақан Сері көшесіндегі жанар-жағармай бекетіне бет алған. Жаңа Момышұлы көшесіне бұрылған кезде жеңіл көлік кенеттен автобус алдына тоқтаған. Жүргізуші сигнал беріп, қозғалысты жалғастырды.

«Алайда көлік автобусты қуып жеткен. Автобусқа кіріп, екі ер адам жүргізушіні ұра бастады», - дейді Ұрымбаев.   

Оның айтуынша, жүргізуші автобустан шығып, жанар-жағармай бекетіне жүгірген. Ол жерде қоғамдық көліктің өзге жүргізушілері болатын. Олар полиция шақырды.

Екі ер адам келесі күні ұсталды.

Жүргізуші жарақат алған, қазір денсаулық жағдайына байланысты демалыста. Жүргізуші бес ай ішінде бірде-бір ескерту алмаған.