Биыл еліміздегі ең алғашқы сауда орталығына – 60 жыл. Көпке «ЦУМ» атауымен танымал сауда орны 1961 жылы Алматыда ашылды. Тұрғындардың сөзінше, ол кездері мемлекеттің мекемесі болған дүкенде жұмыс істеу абыройлы қызмет саналатын. Ал, ол жерден киім-кешек алып киюге көптің қолы жете бермеген екен. Сауда орталығы Кеңес Одағының тоқырауы кезіндегі дағдарысқа қалай төтеп берді? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғаймен бірге тарихқа көз жүгіртіп көрейік.
Орталық әмбебап дүкені 1961 жылы қаланың тарихи орталығында, Жібек жолы көшесінде бой көтерді. Алғашында Алматыда ашылған сауда орны кейіннен Шымкент, Қарағанды сынды ірі қалаларда да салынды. Онда азық-түлік, шет мемлекеттен әкелінген киім-кешек, тұрмыстық техника мен жиһаздың үлкен таңдауы болды. Орталық басшысының айтуынша, ол кездері тауарлар сөрелерден әп-сәтте ақ сатылып кететін. Алматылықтарды алғаш рет әлемдік брендтермен таныстырған да дәл осы сауда орны.
«ЦУМ» ұжымы Мәскеудегі Олимпиада ойындарының қонақтарына қызмет көрсетті. Себебі алғашқы рет бізде мердігерлердің жалға алуы сынды қызмет көрсетудің формалары пайда болған еді. Ол кездері сауда орталығының жылдық тауар айналымы 1000 миллион рубльдей болды. Бұл өте үлкен сома. Нысан ауқымды жөндеу жұмыстарынан кейін 2014 жылы сәулет өнеріндегі Hi-tech стилінде қайта ашылды. Осылайша ғимараттың аумағы да кеңейді», – деді сауда орталығының директоры Сергей Иванов.
Әу баста сауда орталығы мемлекеттің қармағында болды. Ал, 90-шы жылдардағы тоқыраудан кейін жекеменшік кәсіпкерлердің қол астына беріліп, бірнеше рет жөндеуден өтті.
Сауда орталығы қанша жөндеуден өтсе де тарихи жәдігер ретінде сақталған бөлігі бар. Мәселен, мына мрамордан жасалған баспалдақ пен оның жиегі де 60-шы жылжардан қалған. Сондай-ақ, сауда орнының қасбетіндегі өрнектері де ғимараттың алғашқы сәулетіндегі элементтер екен.
Назира Тілеужанқызы осы мекемеде 25 жылдан бері ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен киімдерді саудалап келеді. Өз кәсібін бастаған жылдары бұл сауда үйі мегаполистің басты туристік нысандарының бірі болғанын айтады.
«Алғаш келген кезде бұл жердің барлығы ашық базар сияқты еді. Бүкіл жан-жақтан, шетелден келген қонақтар осы жерге Қазақстанның мәдениетін, өнерін көруге келетін. Әлі де бар, бірақ бұрынғыдай емес», – деді саудагер Назира Тілеужанқызы.
Алғашында сауда орталығында 50-дей сату бөлімі болса, қазір олардың саны бір жарым мыңға жеткен.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов,«Алматы» телеарнасы