Мемлекет 6 айға дейін қолдау ретінде жәрдемақы төлейді
Елімізде жыл басынан бері жұмыссыз қалған 17 мың азамат әлеуметтік төлемақы алуға өтінім білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда әлдеқайда көп, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер.
Жұмысынан айырылып, қиын жағдайда қалғандарға мемлекет 6 айға дейін қолдау ретінде өтемақы төлейді.
Раушан Айтжанова – бұған дейін түрлі мекемеде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. 10 жылдан аса еңбек өтілі бар. Наурыз айында денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылған. Босай сала өтемақы алуға өтініш қалдырыпты. Тапсырған құжаттары талапқа сай болып, мақұлданған. Енді ол 6 ай бойына мемлекеттен жалақасының 45%-ын алып отырады.
«Жұмыстан айырылу жәрдемақысы 6 ай төленеді. Кейіннен мен жұмысқа орналасқаным туралы, Жұмыспен қамту орталығына құжат өткіземін. Сол кезде жәрдемақы тоқтатылады. Маған тағы бір ұнағаны, кейін жұмысқа шыққан кезде, алған жәрдемақыны қайтадан мемлекетке қайтармаймын. Бұл Үкіметтің беретін көмегі», – деді қала тұрғыны Раушан Айтжанова.
Жұмыстан айырылу жәрдемақысына өтініш берушінің:
- соңғы 24 ай тұрақты жұмысы болуы керек;
- жұмыс істеген қаласында тұрғылықты мекенжай анықтамасы болуы шарт;
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдері түсіп тұрған мемлекеттік немесе жекеменшік компанияда жұмыс істеген азамат өтемақы алуға өтініш беруге құқылы. Ол үшін сол жергілікті қаладағы Жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан кеңес алса болғаны.
Әлеуметтік төлемді алу үшін орталыққа келмей-ақ, үйіңізден онлайн рәсімдей аласыз. Ол үшін enbek.kz сайтына тіркелуіңіз керек және электронды цифрлық қолтаңбаныздың болуы маңызды. Осы бетте өтініш беру батырмасын басып, 20 таңбалы жеке шот, ұялы телефон нөміріңіз, электронды мекенжай енгізіледі. Өтінім берген уақыттан бастап 5 жұмыс күн ішінде қаралып, жауабы келеді.
Өтемақы – қызметінен айырылып, қиын жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау. Ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, ай сайын төлем алып отырған азаматтарға жергілікті Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс табуға болады.
«Жұмысынан өз еркімен немесе жұмысынан қысқарып қалған, денсаулығына байланысты жұмыстан шығып қалған азаматтар бізге келіп өтініш қалдыра алады. Жұмыспен қамту орталығының алдында ол адамдардың міндеттемесі болады. Жәрдемақы алып жүрген уақытта тұрақты жұмысы және жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болмауы керек», – дейді Жұмыспен қамту орталығының маманы Айдана Башен.
«Әлеуметтік төлемақы елімізде 2019 жылы қолданысқа енгізілді. Қазір оны республика бойынша 47 мыңнан астам азамат алып отыр. Ал Алматыда әлеуметтік төлем алушылар саны 4 мыңға жуықтайды. Жыл басынан бері 17 мың адам өтінім берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп», – дейді ведомство өкілдері.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы