Оқушылар мен студенттер арасында электронды шылым мен вейп қолдану белең алып барады

30.09.2021 03:53

Дәрігерлер бұл заттар жасөспірімдер ағзасын улап, қатерлі ісікке ұшырады деп дабыл қағуда

Almaty.tv

Алматыда мектеп оқушылары мен студенттер арасында электронды темекі мен вейпті қолдану белең алып барады. Себебі, зиян өнімдер қаладағы кез келген дүкенде ашық түрде сатылып, сәнге айналуда. Ал дәрігерлер бұл заттар жасөспірімдердің ағзасын улайтыны соншалықты, тіпті, инфаркт пен обыр ауруына әкеп соғады деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.           

Электронды темекі өнімдерінің түтінін будақтатып отыру бүгінде сәнге айналған. Ал оның түтіні жанында отырған адамға да ерекше әсер ететіні белгілі. Дәрігерлер қазір жастар арасында осындай үрдістің белең алып бара жатқанын айтады. Ал оның құрамындағы химиялық заттар мен никотиннің арты өлімге әкеп соғатынын бірі білсе, бірі біле бермейді.  

Шылымға 18 жасынан бастап әуестенген 23 жастағы қала тұрғынымен де тілдескен едік. Бірақ камерадан жүзін көрсетіп, есімін атамауымызды өтінді. Оның айтуынша, соңғы екі жылда электронды темекіге көшіпті. Бұл өнімнің зиянын да біледі. Бірақ бас тарта алмадым дейді. 

«Темекі шеккеннен кейін қолда, ауыздың ішінде жағымсыз иіс қалады. Сол себептен, электронды темекіге көштім. Себебі, ол ыңғайлы және шылымы аз, иісі жоқ. Менің ойымша, бұл жақсы зат емес. Өзім де түсінемін. Ол денсаулықты зақымдайды», – дейді тұтынушы.

Осылай, тәуелді ететін бұл зиянды өнімдердің сәнге айналуына басты себеп – олардың сауда нысандарында ашық сатылуы дейді көпшілік. Осы ретте, қаладағы дүкендердің біріне бас сұғып, мән-жайды анықтадық. Саудагердің айтуынша, расымен де, сұраныс жасөспірімдер тарапынан екен.

«Үлкендер де, мектеп оқушылары да, студенттер де келіп алады. Мен олардан «Сендердің осылай темекі тартып жүргендеріңді аналарың, әке-шешелерің білмей ме?» деп сұраймын. Бірақ оларға мен сатпасам да, басқа дүкендер сатады. Мен сатпаймын. Қазір жәй темекілерден гөрі, электронды темекілер көп сатылады. Өйткені, жастар сәнге айналдыра ма, түсінбеймін. Бірақ жақсы алады», – дейді дүкен сатушысы Жанат Нұрманбаева.

Ал дәрігерлер вейп пен электронды шылымдар өте зиян дейді. Ағзаны улайтыны соншалық, жастар оны біраз уақыт өткен соң ғана сезеді екен. Алдымен, өкпе зақымдалады, кейін бауыр мен асқазанның жұмысы нашарлайды. Ең сорақысы – жүрек талмасына шалдығуы да мүмкін.

«Зияны жоқ деп жәй айтылады. Неше түрлі иістендіргіш қосады. Сосын қазіргі жастарда аллергиялық  аурулар көбейген. Сондықтан аллергия да қосылып кетуі мүмкін. Бронхиалды астмадан бастап, анафилактикалық шокқа дейін болуы ықтимал. Ең қауіптісі - онкология, өкпенің қатерлі ісігі пайда болады», – деді қалалық №1 аурухананың пульмонолог- аллергологы Айгерім Кулушева.

Мамандардың айтуынша, бұл өнімдерді пандемия кезінде пайдаланудың салдары иммунитетті әлсіретіп, ковидті жұқтырғанда тіптен ауырлайтын көрінеді. Осы ретте, жастардың сән екен деп өздерін уламауы үшін ең алдымен, отбасында оның зияны түсіндірілуі керек дейді дәрігерлер.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы