Алматыда қосымша қоқыс жәшіктерін орнататын алаң жетіспейді​

03.10.2019 16:35

Қаладан жыл сайын 500 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылады

Әсіресе, мұндай жағдай жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешендерінде өзекті. Мамандар дәл осы қоқыс контейнерінің тапшылығынан көшеде тұрмыстық қалдықтар шашылып жатқанын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоқыс шығаратын компания қызметкерінің бұл күнделікті тірлігіне айналған. Яғни, ол тек қоқыс жәшіктерін тазалап қана қоймай, айналада шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинап отыруға мәжбүр. Жұмысшының айтуынша, тұрғындар қоқыс контейнері бола тұра оны оңды-солды лақтырып кетеді.

«Біздің компания қызметкерлерінің міндеті қоқыс жәшіктерін тазалау және алаң маңындағы 5 метр аумақты тазалау ғана кіреді. Алайда тұрғындар жиһаздар мен құрылыс материалдарын тастап кетеді. Жұмысшылардың оны да тазалап, ол үшін қосымша техника жұмылдыруға тура келеді. Жиналған қалдықтар тым ауыр болып кеткендіктен, көліктеріміз сынып, шығынға батамыз», – дейді «Тәртіп» АҚ төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан ОРАҚБАЙ.


Тұрмыстық қалдықтардың арық маңы мен жол бойында жайылуы түрлі келеңсіз жағдайларға себепші болып жатады. Арық жүйесінің қоқысқа толып кеткендігінен су тасып, жол-көлік апатына алып келуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, әсіресе қалаға кейіннен қосылған аудандарда қоқыс жайы түйткілді мәселе. Мұнда тұрмыстық қалдықтарды лақтырып кететіндермен күрес жүргізу де қиынға соғады, -дейді тазалық сақшылары. Ереже бұзушыларды табу үшін аудандық әкімдік қызметкерлері күнделікті тексеру шарасын қолға алуды көздеп отыр.

«Зейнеткерлерге, жұмыссыз кісілерге ескерту береміз бір жолға. Одан кейін қайталап тастаған адамдарға 30 АЕК дейін әкімшілік шара қолданамыз», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданы Қоршаған ортаны және экологияны қорғау бөлімінің басшысы Қуаныш ИЕШОВ.


Өткен айда тек Жетісу ауданында 5 азаматқа 75 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Жасыл экономика басқармасының айтуынша, қалада қоқыс мәселесінің өзектілігін жоймауына тұрғындар санының артуы себеп. Бұған дейін әр үйдің ауласында 3-4 қоқыс контейнері жеткілікті болса, қазір бұл тапшы. Ал қосымша жәшік орнатуға алаң жетіспейді.

«Жоғары жақтарда біз қазір контейнер алаңдарды жердің астына қояйық деп жатырмыз. Ол жоба қазір қаралып жатыр. Бұйырса, келесі жылы үлкен жоба жүргізейік деп жатырмыз», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елдос ЖАЛБАҒАЕВ.

Қаладан жыл сайын 500 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылады. Алайда бұл сан соңғы жылдары 10-15 пайызға кеміген. Мамандар оны Алматыдағы қоқыс өңдейтін зауыттың ашылуымен байланыстырады.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Теги: мусор