Биыл Алматыдағы бір ғана дағдарыс ортылығына 500-ге жуық әйел көмекке жүгінген
Статистика бойынша әлемде әйелдер мен балаларды 70 пайызы отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Биылдың өзінде Алматыдағы бір ғана дағдарыс ортылығына 500-ге жуық әйел көмекке жүгінген. Тиранның тұзағында қалған адамдар не істеуі керек? Психолог пен заңгерлер не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Жасырын қалуды қалаған бұл әйел 39 жаста, 5 баланың анасы. Ол тұрмыстағы сүреңсіз күндерін айтып күрсінді. Күйеуінің ішімдікке салынуы шаңырағының шайқалуына себеп болған. Сөзінше, отағасы өзін де, балаларын да аямай соққыға жығатын көрінеді. Таусылмайтын жанжалдан балалары әбден қорқып қалған. Амалы таусылған ана қазір «Жансая» дағдарыс орталығында тұрып жатыр.
«Пышақтағаны да бар, сондай жағдай екі мәрте болды. Қылқындырған кездері де болды. Ішімдік арасында ішеді, бірақ соңғы кезде үйір болып кетті ішімдікке. Сосын бір әдеті үйден қуады. Мен қайтқым келеді, жолдасымды сүйемін, бірақ балаларым қайтқысы келмейді», – деді кейіпкер.
Келіншек балаларын асырау үшін жұмысқа тұрып, ел қатарлы өмір сүруді ғана ойлайды. Бұл дағдарыс орталығында кейіпкерімізбен тағдырлас әйелдер көп. Мамандар зорлық-зомбылық көретін жандар жыл сайын артпаса кемімей жатқанын айтады. Мәселен, бұл орталыққа биыл 439 адам көмекке жүгінген. Былтыр бұл сан сәл төмен, яғни 400 адам болған екен.
«Әйелдерге айтамыз бұл жағдай сізде қашаннан бері жалғасып жатыр десек, үйленгелі бері, 16 жыл, 8 жыл деп, әр әйелде әртүрлі. Біз сол кезде бірінші сұрағымыз болады. Жарайды бұл жағдай сізде жалғасқан екен енді бір жерге шағымданып, 102-ге хабарластыңыз ба десек, туысқандардан ұят болады, бала үшін деп жүре бердік дейді. Енді-енді көзіміз ашылып шыдамағаннан кейін осы орталыққа келдік дейді», – деді «ЖАН-САЯ» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зульфия Омарова.
Өкінішке қарай, бүгінде тұрмыстың тауқыметін тек әйелдер ғана емес бейкүнә сәби мен балалар, мүгедектер, қарттар мен кей жағдайда ер азаматтар да бастан кешеді дейді психологтар.
«Зорлықтың құрбаны болған адам ең алдымен өзінің әлсіздігін мойындай алуы керек. Сол кезде ғана ол өзіне де, бала-шағасына да көмектесе алады. Көбісі проблеманы өзім шешемін деп ақыры құрбан болып жатады. Сондықтан зорлықтан құтылудың ең алғашқы қадамы – көмек сұрай білу», – деді психолог Жанат Біржанова.
Жалпы елімізде әйел мен балалар құқығын қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес дейді заңгерлер. Заңнамалық тұрғыда да, күнделікті өмірде де отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін түрлі механизмдер жасалған. Тек қанша таяқ астында қалып, өмірін өксікпен өткізіп жүрген жандар көмек сұрауға асықпайтын көрінеді.
«Қандай қылмыс болмасын, ол міндетті түрде тіркелуі керек. Сондықтан құқық қорғау органдарына арыз жазылуы тиіс. Балаларды немесе әлсіз деп танылған адамды жүйелі түрде азапталса, яғни бұл отбасында жиі кездесетін жағдай, онда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді заңгер Максим Мостович.
Мамандардың сөзінше соңғы бірнеше жылда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыс көрсеткіші өскен. Сондықтан қиын өмірлік жағдайда үнсіз қалмай, 150 нөмірі бойынша дағдарыс ортылығына хабарласып жәрдем сұрауға болады.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы