Алматыда жүзден аса ассенизатор жүргізушісі әділдік сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеке сектордан сұйық қалдықтарды шығарып жүрген жүргізушілердің айтуынша, тапқан табысы айыппұл төлеуден артылмайды. Өйткені, қалдықты төгетін арнайы орын жоқ.
«Қазір дамыған заман. Барлық адам қалтасынан қалта телефонын шығарып, түсіреді де учаске полициясына жібереді. Менде 300 мың теңге айыппұл бар. Жиналыста қалдық төгетін 4 орынды айттық. Бізге 3-4 күнде жауабын айту керек еді, әлі жоқ», – деді ассенизатор жүргізушісі Амантай Тілеуов.
Бізге мәселені айтып, мұңын шаққан санаулы адам болғанымен, мұндай қиындықты жүзден аса жүргізуші көріп отыр. Олар 60 мыңнан 600 мың теңгеге дейін айыппұл арқалаған. Істерінің заңсыз екенін өздері де біледі. Амалы қалмаған олар жауапты мекеме бар орынды жауып тастап, қалдық төгетін құдық бөлмегеніне наразы.
«Наурызбай ауданында арнайы орын болған. Сол кезде проблема да жоқ еді. Үш жылдан бері мәселе шешілмей келді. Амал жоқ, көшедегі кәріз құдығына төгеміз», – деді ассенизатор жүргізушісі Бақытжан Кенжебеков.
Жүргізушілердің сөзіне сүйенсек, күніне орта есеппен әр адам 4 рейс жасайды екен. Қалада кәріз суын төгуге ресми рұқсат етілген бір ғана орын бар. Ал оған қалдық төгу үшін ары-бері 70 шақырым жол жүру керек. Сондықтан, қала сыртынан бірнеше нүктені өздері атап та көрсеткен. Бірақ жауапты мекеме бұл мәселеге қатысы жоғын айтты.
«Жер бөлу ісіне біздің қатысымыз жоқ. Біз тек су мен кәріз желілеріне қатысты сұрақтарға жауап бере аламыз. Олар суды тегін жинап, тегін төгіп жатқан жоқ қой. Соның бәрін есептеу керек, тарифке кіргізу керек. Басқа жолын білмеймін», – деді «Алматы су» МКК ресми өкілі Ақбота Жылысова.
«Биыл 6 дерек тіркелді. Бұл көп кездесе бермейтін құбылыс. Әйтсе де, қаланы абаттандыру ережелері бұзылады. Ол үшін кем дегенде 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген. Егер бір жылдың ішінде екі рет қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл өседі», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жерді жергілікті әкімдік бөледі. Азаматтарға мәселе жуық арада шешілетіні айтылды. Ал олар бірнеше жылдан бері ассенизатордағы нәжісті әр жерге төгіп жүр.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы