Алматыда көмекке мұқтаж 5 мың отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл жолғы гуманитарлық көмекті қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы «Халық» қайырымдылық қорымен бірлесіп жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көмекке мұқтаж  5 мың отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жолғы гуманитарлық көмекті қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы «Халық» қайырымдылық қорымен бірлесіп жасады. Бүгін 51 келіні құрайтын азық-түлік топтамасы Медеу ауданындағы 50 отбасына таратылатын болса, жақын күндері бұл көмек қала бойынша көмекке мұқтаж барлық отбасына жеткізіледі.

Медеу ауданындағы көмекке мұқтаж отбасының бірі, 6 баланың анасы Рыскүл Дәулетке азық-түлік топтамасы бірінші жеткізілді. Осынау қиын-қыстау кезеңде жанұя үшін қолдау аса маңызды дейді көпбалалы ана.

«Осынау қиын кезеңде, біз сияқты адамдарды шетте қалдырмай, мұқтаж жандарға азық-түлікпен қолдау беріп жатқандарыңызға алғысымды айтамын», – деді көпбалалы ана  Рыскүл ДӘУЛЕT.

«Аудан бойынша 5 мыңнан астам аз қамтылған отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Бүгін «Халық» қоры  осы отбасына көмектесіп отыр», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ

Жалпы «Халық» қайырымдылық қоры республика бойынша 20 мың азық-түлік топтамасын әзірлепті. Соның 5 мыңы – Алматы қаласындағы көмекке зәру жандарға тиесілі. Мұнда тарату жұмыстары 3 күннен бері жүргізіліп жатыр.

«Қалада төтенше жағдай жарияланғаннан бері Алматы қаласының әкімдігі «Жаңа Алатау» қоғамдық қорының қолдауымен 14 мың көмекке мұқтаж отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Әр ауданнан мейірімді демеушілер табылып, осындай қайырымдылық шаралардың көптеп ұйымдасырылып жатқаны бізді қуантады», – деді  қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Рахилям МАХПИРОВА.

Мұндай қайырымдылық шараларына күніне 30-дан 50 еріктіге дейін жұмылдырылады екен.

«Осы азық-түлік себеттерін жинап, сараптаған болатынбыз. Қазір соны жинақтап, жеткізіп жатырмыз», – деді «Қазақстан волонтерлар лигасы» ҚҚ қалалық филиалының жетекшісі  Бағдат АНАРБАЕВА.

Жалпы салмағы 51 келіні құрайтын мына азық-түлік топтамасында ұн, күріш, қант, қарақұмық, консервіде бұқтырылған ет және макарон өнімдері бар. Тіпті аяқ-киімге де қарастырылған. Жалпы қайырымдылық акциясы аясында бүгін Медеу ауданындағы 50 отбасына осындай көмек көрсетіледі деп жоспарлануда.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы

Новости партнеров