|
03.06.2022 | 21:15
4658

Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Алматыда байкерлер шеруі өтті

Іс-шараға 30 шақты адам қатысты

Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Алматыда байкерлер шеруі өтті Almaty.tv

4-маусым мемлекеттік рәміздер күні. Тасқа жазылған тарихи кезең, алтын қаламмен өрнектелген ұлы күн. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілген болатын. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында алматылық байкерлер сап құрып, қала бойынша шеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін жан-жақтан жиналған байкерлер Алматы арена маңына топтасып, сап түзеді. Олардың барлығы, ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіби мото спортшылар. Мәселен, 40 жастағы алматылық Роман мұндай іс-шараға алдыңғы жылдары да қатысыпты.

«Біз қала тұрғындарына өзіміздің патриот екенімізді, жол тәртібін барынша сақтап жүре алатынымызды көрсеткіміз келеді. Мұндай «байкерлер шеруіне» 2019 жылдан бері қатысып жүрмін. Бүгін де барша отандасқа құттықтауымызды осылайша жолдамақпыз», – деді қала тұрғыны Роман Чапленко.

Іс-шараның басы-қасында жүрген белгілі байкер Дмитрий Петрухиннің айтуынша, мұндай шеру 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

«Байкерлер шеруі» елімізде 1990 жылдардан бері әйгілі бола бастады. Бірақ кейін жылдамдық пен адреналин сүйерлер мотоциклді ермекке айналдырды. Мен соны тәртіпке келтіргім келіп, дәл осындай іс-шара ұйымдастырдым», – деді қазақстандық байкер-саяхатшы Дмитрий Петрухин.

Көк байрақты ұлықтаған жүргізушілер шеруді бастамас бұрын қатысушыларға қауіпсіздік ережесін таныстырды. Жолда жүру тәртібі сақталуы үшін мұнда полиция қызметкерлері де болды.

Мотоцикл жүргізушілері  Бауыржан Момышұлы көшесімен жүріп өтіп, Сайын көшесі арқылы Әл-Фараби даңғылына түсті. Жолшыбай қала тұрғындары қол бұлғап, баршаның назары байрақ желбіреткен сапқа ауды. Байкерлер қаланы айналып, Halyk Arena маңына тоқтады.

«Барлығы керемет өтті. Сап түзеп жүргендерге, қолдау білдіргендерге алғыс айтамын. Әрине, кептелістер болды. Бірақ айтарлықтай емес. Алматылық мотоцикл жүргізушілері мемлекеттік рәміздерді ұлықтап жүре бермек», – деді қала тұрғыны Михаил Алексеев.

Бұл іс-шараға 500-дей байкер қатысады деп жоспарланған болатын. Түрлі себеппен кейбір мотоцикл жүргізушілері келген жоқ. Алайда бұл патриоттық сезімді насихаттайтын байкерлер шеруінің жоспардағыдай өтуіне кедергі келтірмеді. Іс-шараға 30 шақты адам қатысты.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжан, Оралхан Рахым, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир