|
20.10.2021 | 21:53
8533

Алматы облысында төбелеске арналған төбеттер тұрғындардың итін жарып тастаған

Қазақстанда ит таластыруға тыйым салынса да, үй жануарларын төбелестіру тоқтамай тұр

Алматы облысында төбелеске арналған төбеттер тұрғындардың итін жарып тастаған Видеодан кадр

Қазақстанда ресми түрде ит таластыруға тыйым салынған. Дегенмен өңірлерде қасқырша қасқайып, тіс қағысатын төбеттерді аңға емес, ит таласқа қолданатындардың саны азаймай тұр. «Төбетін қансыратып, табыс тапқандардың қабаған иттері менің күшігімді буындырып, ішін жарып тастады» деп хабарласқан тұрғынның шағымын Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтқан еді. 

Өз күшігінің таланып өлген сәтін көргенде, үш күн күйзеліске түскен әйел бар кінәні ит асырайтын орынға артып отыр. Оның сөзінше, 100-ден астам төбетті қамқорлығына алғандар жұмыс орнын қараусыз қалдырып, соның салдарынан осындай оқиға болған.

«Маған келген видеодан күшігімді жарып тастағаны көрініп тұр. Мен бұл қашан болды деп сұрағанымда, күні кеше ғана деді. Алайда, мен сенбеймін. Видеоға зер салсақ, кемінде 2 күн өткенін байқауға болады», – дейді тұрғын.  

Тұрғын күшігін талаған қос төбетті төбелеске арналған деп ойлайды. Себебі сараптама қорытындысы бойынша өлген иттің денесінен ірі азулы тістердің ізі анықталған. Алайда күшікті қамқорлығына аламыз деп өлтіріп алғандар бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болып отыр.   

«Сеніп тапсырған күшігімді 2 төбет тістеп өлтірді» деп шағымданған әйелдің сөзінше, оқиға дәл осы ит асырайтын орында болған. Шарбақтың ар жағынан иттердің өзара ырылдасып, қыңсылаған дауыстарын естуге болады. Тіпті, кейбір төбеттің сыртқа шығып, адамның балтырын тістейтіндей мүмкіндік беретін арасындағы тесіктерді де байқадық.

София есімді әйелдің ойынша, ит таластыруға заң жүзінде тыйым салынса да, үй жануарларын өзара тіс қағыстыру мұнымен тоқтай қалмайды. Себебі бұл қызықтың артында қып-қызыл ақша тұр. Ал, облыстық полиция департаментінің қызметкері берген жауабында әлеуметтік желіде жарияланған видео бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Материал Жамбыл аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Тексеріс нәтижесінде шара ұйымдастырған тұлғалардың іс-әрекетіне заңды баға беріліп, әкімшілік заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Ал ұзақ жылдан бері ит асырап келе жатқан Төленді Жұмабаев төбеттерді төбелестен шектейтін болсақ, табиғи болмысынан алыстатып аламыз дейді. Мәселен, өзі бағып отырған қазақи төбет аңшылық пен адамды жыртқыштардан қорғауға арналған.

«Итті төбелестіру деген Америкадан шыққан бәле ғой. Оларда иттерді төбелестіріп, біреуі өлгенше тоқтатпайды. Мыналар олай емес. Бізде ереже бар, тісін көрсетсе, дауыс шығарса, тұрып қашса, бітті. Ажыратып алады», – дейді қала тұрғыны Төленді Жұмабаев.

Арнамызға хабарласқан тұрғын енді полицияға жүгінбек. Қамқорлықтың орнына, қараусыз қалдырғандар мен әлеуметтік желі арқылы қоқан-лоққы көрсеткендер жауапқа тартылуын сұрайды. Болған істің анық-қанығын полиция өкілдері зерттейтін болады.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир