Қала орталығындағы апатты үй қашан сүріледі

 Almaty.tv
Almaty.tv
«Тез арада сүрілсін» деген жазба ілінген екіқабатты ескі тұрғын үйдің фотосы әлеуметтік желіге де тарап кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы апатты жағдайдағы үйлер тізіміне енген Шевченко көшесі, 113 мекенжайындағы үйдің тұрғындары «үйіміз құлағалы тұр» деп шағым айтты. Тіпті «Тез арада сүрілсін» деген жазба ілінген екіқабатты ескі тұрғын үйдің фотосы әлеуметтік желіге де тарап кетті. Кейін анықталғандай, бұл тұрғын үй құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырған екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Едені езіліп, қабырғасы құлауға шақ тұрған екіқабатты үйдің тұрғындары бүгін бас көтерді. Жел тұрса шатырымыз қирап қала ма деп қорқып жүрген олар ескі баспананы сүріп тастау керек деп мұңын шақты.

«Бұл үйлердің тұрғанына 75 жыл болды. Бұл үйлер ағаштан жасалған. Сондықтан үйдің қабырғаларын құрт-құмырсқа басып кеткен. Не газ жоқ. Газды сырттан тасимыз. Сегіз пәтер болса, екі-екі газдан далада тұрады», - дейді қала тұрғыны Назгүл Қапарова.

Құрылысы қирауға шақ тұрған тұрғын үйді көшеде қолайсыз орналасқан газ баллонымен жылытады екен. Өткен-кеткен адам сіріңке шақса, өртке орануы бір сәт дейді тұрғындар.

Электр сымдарының тұйықталуынан талай мәрте өрт болып, ел болып әзер өшірдік дейді мұндағылар. Өйткені ескі сымдары ағаштан жасалған қабырғасын тұтандырып әкеткен екен.

Қабырғасы сөгіліп, жарығы жиі өшетін бұл үйде қазір сегіз отбасы ғана әрең күнелтіп жүр. Олардың ендігі талабы осы тұрғын үйдің жанына жапсарлай салынған жаңа үйге тездетіп көшірсе екен деп отыр.

Тұрғындардың сөзінше, құрылыс компаниясы мүндағы халықпен келісімшартқа отырып, жаңа баспана беруге келіскен екен. Алайда ол үшін қазіргі ескі үйді сүріп тастаулары қажет. Сәйкесінше дәл осы орынға жаңа құрылыс нысаны табан тіреуі керек болатын. Бірақ аталмыш жұмыстар тиісті құжаттардың тексерістен өтпеуіне байланысты уақытша тоқтатылған көрінеді.

«Алмалы әкімшілігінің аппараты инвестор табылған. Бүгінгі күнде сол инвестормен жаңағы учаскені сатып алу бойынша үйдің тұрғындары арасында келіссөздер жүріп жатыр. Бас тарту шешімі бойынша бекітілген қағида бар. Сол белгілі бір құжаттарды көрсету керек. Сол құжаттар дұрыс болмағаны үшін қызметтер көрсетілмей қалған. Аталған компания, яғни корпорация аталған құжаттарды тапсырғаннан кейін бұл мемлекеттік қызмет қайтадан көрсетілетін болады», - деді қалалық Құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Ермұхаммед Жүнісқожаев.

Аталған мәселе ұзаққа созылмай шешімін табады деп сендірді шенділер. Ол үшін құрылыс нысанына жауапты құрылыс компаниясы толық құжаттарды тапсыруы керек дейді мамандар.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров