Бүгін Алматылық Қайрат футбол клубының ардагері Тимур Сегізбаевтың туған күні. Тірі болғанда ала доптың шебері 80-ге келер еді. Осыған орай қаланың орталық стадионында ардагерлер арасында жолдастық кездесу өтті. Ал футзалдан Қайрат клубы рекорд орнатып жатыр. Аталған ұжым қандай жетістікке жетті? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тарқатады.
«Қайраттың» ардагерлері мен Қазақстан құрамасының аға буын футболшылары Алматының орталық стадионында кездесті. Осы жолы жолдастық тартыс. Қос команда ойыншылары әлі де шеберліктерін жоғалтпаған. Бұл кездесу Тимур Сегізбаевтың 80 жылдығына арналып ұйымдастырылған.
Қазақ футболына жаңа леп берген Тимур Сегізбаев «Қайрат» футбол клубында 12 жыл бойы тер төгіп, 200-ден астам әр түрлі деңгейдегі мачтарда ел намысын қорғады. Ол жартылай қорғаушы, команда капитаны болған. Тимур Сегізбаев - КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сондай-ақ, Ұлттық олимпиада комитеті орденінің иегері. Ардагермен алаңда бірге ойнағандар оған көрсетілген құрмет бұдан да көп болуы тиіс дейді.
«Енді ол кісінің еңбегі футболға деген, спортқа деген өте зор. Біз Қайрат футбол клубы, оның басшысы Қайрат Боранбаев Тимур ағаның атына қазақстан футбол академиясы деген атақ берді», – деді Қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев.
Алматылық тағы бір «Қайрат» футзалдан чемпиондар лигасында рекорд орнатты. Аталған клуб осымен 10 рет жартылай финалға шығып отыр. Бұған дейін бұл жарыста еш команда мұндай көрсеткішке қол жеткізбеген екен. Аталған ұжымға УЕФА өкілдері арнайы марапат та берген.
«Мұндай атаққа ие болу– алдымен үлкен жауапкершілік. Клуб құрылғалы 25 жыл өтті. Осы уақыт аралығында көптеген жұмыстар атқарылды. Менің ойымша алған марапат төгілген тердің нәтижесі. Алайда біз осымен тоқтап қалмаймыз. Қаланың, елдің атағын әлемдік аренада шығара береміз. Жетістіктің құпиясы – командалық жеңіске деген ұмтылыс. Біз әр ойын сайын ұтуға тырысамыз», – деді «Қайрат» АФК бас бапкері Пауло Рикардо Кака.
Алматының қос «Қайраты» бүгінде топ жарып жүр. Футзалдық құрама чемпиондар лигасында биік белесті бағындырса, үлкен футболдағы Қайрат клубы араға 16 жыл салып, ел чемпионатын жеңді.
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы