Тараздағы «Қант алқабы» аталып кеткен аумақ жұрты әлі күнге шаң басып жүргендеріне наразы. Оған қоса мұнда таза ауыз су да жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал жергілікті билік асфальт су желісі жүргізілген соң ғана салынады, дейді. Бірақ оның өзі бүгін-ертең болмайтын сыңайлы.
Қант зауыты алқабы осыдан отыз шақты жыл бұрын дүркіреп тұрған аумақ болатын. Зауыт салынып, инфрақұрылым қалыпқа келе бастаған кезде бұл өңір халық қалың қоныстанған шағынаудан еді. Бірақ қазіргі қарашаның жағдайы керісінше. Шаң жолға жауын жауса, бұқара балақтан батпақ кешеді. Халық «әкімдік бізді ұмытты», деген пікірде.
«Көшеміз нашар, бәрі көшіп жатыр. Біз үйімізді сатайық десек, ешкім алмайды», - деді қала тұрғыны Айзада Балықбаева.
Көшемен қоса, тұрғын үй алқабында ауыз су да мәселе болып тұр. Негізі мұнда орталықтандырылған желі бар. Бірақ оның өзі 1960 жылдары салынғандықтан, әбден тозған. Шіріген құбыр әр жерден тесіледі. Сол себепті тұрғындар тіршілік нәрін тұрақты түрде тұтына алмай отыр.
«Сусыз, асфальтсіз көшені біз көрдік, одан балаларымыз, енді немерелеріміз жүр», - деді қала тұрғыны Гүлжамал Қоскелова.
Қала әкімдігі қант зауыты алқабындағы құбырлардың басым бөлігі тозғанын растап отыр. Сондықтан ауыз су желісін жаңарту үшін биыл жаңа жоба әзірлеп жатқан көрінеді. Аяқталған соң ғана, республикалық бюджетке өтінім бермек. Ол мақұлданса, келер жылы құбыр салу жұмысы басталады.
«Таразда қала әкімінің тапсырмасы бойынша қай көшелерден су өтті, сол көшелер келер жылы міндетті түрде асфальтталып жатыр. Енді 465 көшенің бәрін бірден жасауды қала бюджеті көтере алмайды. Сол үшін біз кезең-кезеңге бөліп жасап жатырмыз. 3 жылдық жоспар бар», - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Елдос Кеңесбеков.
Иә, тараздықтарға тасжолдың нақты қашан салынары әлі белгісіз. Себебі, жергілікті билік алдымен шаһардағы ауыз су желілерін жөндеп алмақ. Ал облыс орталығындағы су құбырының 70-80 пайызға тозғанын ескерсек, шаң басқан жұрт асфальтты әлі біраз күтетін түрі бар.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Алматы телеарнасы, Тараз.