Алматыда 1,5 мыңға жуық лифттің пайдалану мерзімі өтіп кеткен

15.03.2019 02:18

Олардың дені 25 жылдан көп қызмет еткен

Алматыда 1,5 мыңға жуық жедел сатының пайдалану уақыты мерзімінен асып кеткен. Ескі лифттің қаншалықты қауіпті екенін ішінде тұрғанда ғана сезінуге болады. Көбісінің қызмет етіп тұрғанына 30 жылға таяп қалған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

77 жастағы Алексей Чуев өзі тұрып жатқан көпқабатты үйге сонау тоқсаныншы жылдардың басында көшіп келген. Айтуынша, үйдегі лифттің ауыспай жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асыпты. Оның қаншалықты қауіпті екенін сезіну үшін ішіне мініп көрсеңіз жеткілікті. Гүрілдеген дыбысын айтпаған күннің өзінде, темір трос үзіліп кететіндей лифтті әзер көтереді. Іші де ескіріп, кейде тоқтап қалатыны тағы бар.  

«Соңғы кездері жедел сатымен көтерілу қауіпті бола бастады. Кейде бел ортадан тоқтап қалады. Қоңырау шалып ішінен әзер дегенде шығамыз. Лифт істен шыққан кезде жаяу 9-шы қабатқа шығу қиын. Біз тұрғындармен жиналып, жаңасын сатып алуға бел будық», - дейді Алексей ЧУЕВ.  

Алматы қаласында кепіл уақыты өтіп кеткен мың жарым жедел саты бар. Олардың дені 25 жылдан көп қызмет еткен. Мамандардың сөзінше, жабдықтарын қайта жөндеуге келмейді. Өйткені өткен ғасырда құрастырылған лифттердің қосалқы бөлшектері қазір шығарылмайды да, сатылмайды да. Сондықтан тек жаңасына ғана ауыстыру керек.

«Тұрғындар көбіне жедел сатылардың сыртына қарап, бәрі жақсы екен деп ойлайды. Кабинасы мен есігі бұзылмаса болды дейді. Алайда, лифттің ең маңызды бөлігі – қозғалтқышы. Жыл сайын оны қарап, техникалық жөндеу жасап тұру керек. Шахтаның ішіне су кіруі мүмкін. Сонымен қатар, шаң басып, тростың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан, біз белгілі уақытта жедел сатылардың жабдықтарын ауыстырып тұрамыз», - дейді «Алматылифт» ЖШС инженері Ермек ЫҚТЫМБАЕВ.

Жедел сатылардың кабиналары, есіктері және электр жүйелері Алматыдағы зауытта құрастырылады. Мамандардың сөзінше лифт оңайлықпен сырылмайды және өртенбейді.

Жаңа жедел сатының бағасы кем дегенде 6 миллион теңгеден басталады. Осы күні лифттерді тұрғындар Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша сатып алуда. Ол үшін пәтер иелері кооперативі әуелі тұрғындардың келісімін жинау керек. Ескере кететін жайт, келісімшартқа барлық тұрғындар қол қоюы тиіс. Мамандар төлем үйдің шаршы метріне байланысты болатынын айтады.  

«Төлем мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 жылға есептелген. Ешқандай пайызсыз 15 жыл, яғни 180 айға бөлінеді. Әр пәтердің шаршы метріне байланысты, ауданына байланысты төленеді», - дейді «Алматы тұрғын үй» ЖШС бөлім басшысы Қуаныш СЕЙІТОВ.

Жалпы, 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Алматыда 298 үйдің 641 жедел сатысы жаңартылған. Оның құны шамамен 3,5 миллиард теңгеден асады. 512 лифт тек 2 жылдың ішінде ауыстырылыпты. Жаңадан орнатылған жедел сатының шарапатын көріп жатқандар үйімізге көтіріліп-түсу ең алдымен қауіпсіз болып қалды дейді.    

«Жедел сатымызды жақында ауыстырған. Жаңа лифт ыңғайлы, әрі дыбыссыз көтереді. Ең бастысы – қауіпсіз. Біз енді есіктері мен ішін ғана көреміз. Ал, қозғалтқышы мен тростарын білмейміз. Бірақ, ескісіне қарағанда әлдеқайда жақсы. Көздері нашар көретіндер мен есту қабілеті төмен жандарға да қай қабатқа келгенін айтып тұратын функциясы бар», - дейді Алматы тұрғыны Дмитрий ЗАЙКО.

Биыл Алматыда аталған бағдарлама бойынша 148 үйдің 300-ден астам жедел сатысы жаңаланбақ. Оның сомасы 2 миллиард теңгеден асып жығылады.  

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы

Теги: лифт