Атырауда кәріз суын тасып, табыс табатын ассенизатор жүргізушілері бас көтерді. Олар жергілікті шенеуніктерден жеке сектордағы үйлердің қалдықтарын төгетін жер бөліп беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ассенизатор жүргізушілері жеке сектордағы үйлердің лас суын қала ішіндегі кәріз тазартатын жаңа стансаға төгуге рұқсат беруін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, «Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты орынға кез келген жүргізуші кіре алатындай мүмкіндік жоқ. Бірақ мәселені тамыр-таныс арқылы шешуге болатын көрінеді.
«Өзінің жоғары отырған таныстары, ағайындарының көлігін кіргізіп қойған. Олар қаланың кәріз суын құйып жатыр. Біздер барсақ «ол жерде биобактерия бар, оған сендер май не болмаса химикат төгесіңдер» дейді. Жақсы, біз оны түсінеміз. Су арнасында танысы бар адамдардың 20 шақты көлігі кіріп, шығып жатыр ғой. Ал олардың таза су әкеліп төгіп жатқанына кім кепіл?» – деді ассенизатор жүргізушісі Салауат Көлбаев
Қазір жүргізушілер лас суды Сарыөзек ауылының сыртындағы арнайы орынға төгіп жүр. Бірақ оған барар жолдың жағдайы нашар, көлік те жиі бұзылады екен. «Қажетті қосалқы бөлшек пен дизель бағасы да қымбаттап жатыр» дейді жүргізушілер. Сондықтан жергілікті әкімдік бізді қаланы қар мен жаңбыр суы басқан кезде ғана іздемей, қажет кезде қол ұшын созса деген ойын айтты.
«Біз оларға керек кезде, көмектесеміз. Енді бізге керек кезде неге жәрдемдеспейді? Ертең жаңбыр жауса, бізді іздейді», – деді ассенизатор жүргізушісі Рүстем Қуанов.
Жүргізушілермен кездескен «Атырау облысы су арнасының» қызметкерлері жағдайды түсіндіруге тырысты. Олардың айтуынша, жаңа стансаға өздерінің көліктері де лас су төге алмайды. Тек қалада авариялық жағдай бола қалса рұқсат етілетін көрінеді.
«Авария кезінде полицияға көлік нөмірін тіркеп, төгеміз. Су, кәріс құбырлары жарылады, сол кезде тек 1-2 көлікке рұқсат етіледі. Қазір бірден ашатын болсақ, бір уақытта 50-60 камаз кіреді», – деді «Атырау облысы су арнасы» КМК бөлім жетекшісі Ғасыржан Лекеров.
Облыстық әкімдіктегілер де «жүргізушілердің талабы орынсыз. Жаңа стансаға кәріз суын төгуге рұқсат етілмейді» деп ашып айтты. Себебі, жобада қарастырылмаған.
«Түрлі ұсыныс түсіп жатыр ғой. Енді оны тиісті мамандармен жиналып, бір шешімге келетін болармыз. Өйткені, қосымша жоба істеп, қосымша қондырғылар қою керек болады. Тұнба орналастыру керек. Өйткені коммуналдық емес басқа қоспалары бар су төгілсе, қосымша камера болуы керек. Өйткені бактериялар коммуналдық тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған», – деді Облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин.
Қос тарапты тыңдаған депутаттар жағдайды зерделеп, оны шешу үшін әкімдікке ұсыныс беретінін айтып қалды.
«Менің округім – Жұлдыз-1,Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшамауданында жер асты суы өте күрделі мәселе. Жақын жерден қала бойынша кәріздік сорғы станциясы ашуымыз керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Руслан Күмісқалиев.
Облыс орталығында қазір 85 кәріздік сорғы стансасы бар. Бірақ олардың көп бөлігінің тозығы жеткен. Экологиялық заңдылыққа сәйкес, оларға лас су төгуге мүлде тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, қаладан күніне 30 мың текше метр нәжіс аралас су шығады.
Жұлдық Қайратқызы,Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау