Алмалы ауданында соңғы екі аптада қоғамдық орындарда маска тақпаған 30 қала тұрғыны анықталған. Күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, қарапайым маскалық режиміне немқұрайлы қарайтындар көп. Кезекті тексеріс барысында сауда орталығында, одан қала берді автобуста маскасыз жүрген тұрғындарға қандай жаза қолданылады? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатып айтсын.
Мониторингтік топ ең алдымен ірі көшелердің бірінде қатар орналасқан бірнеше нысанды тексерді. Мекеме қызметкерлерінде міндетті түрде медициналық маска, қолғап, антисептик болуы керектігі айтылып, дезинфекциялау режимі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бетпердесіз отырған сатушылардың біріне айыппұл салынды.
Мамандар қоғамдық көліктердегі тексеру жұмыстары күнбе-күн жүргізілетінін айтады. Мобильді топ кез келген уақытта аялдамадан мініп, автобустардағы жағдайды жіті қадағалайды. Бұл жолы маскалық режимді сақтамаған бір жолаушы анықталды.
Ал келесі тексеріс нысаны сұлулық салонында бетперде мен қолғап тақпаған екі қызметкерге хаттама толтырылды. Онымен қоса, ұялы телефон сататын ірі сауда орталығында тәртіпке бағынбаған кәсіпкерлер де енді 30 АЕК айыппұл төлеуі тиіс.
«Бүгін мобильді топпен 17 объектіге тексеру жүргіздік. Жалпы жаман емес. 80 пайыздай бәрі бетпердесін тағып жүреді. Қалған 20 пайызы дұрыс тақпайды. Барлығын ескерттік, айыппұл салғаны да болды», – деді Алмалы ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур Бақтияров.
Ал статистика бойынша нысандардың карантин режимін бұзу фактілері күннен-күнге азайып келеді. Мәселен, соңғы екі аптада тексерілген 193 нысанның 85 пайызынан ешқандай тәртіпбұзушылық анықталмаған.
Жүйелі түрде жүргізілген рейд шараларының нәтижесі болар, ауданда құқықбұзушылықтардың саны әлдеқайда азайған. Мониторингтік топ мүшелерінің айтуынша аймақтағы бизнес нысандардың 80 пайызы карантин талаптарын қатаң сақтауда. Ал қалған мекемелердегі жағдайды реттеу үшін мобильді топтың жұмысы алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы