Алматыда заңсыз қоқыс орны анықталды

25.04.2024 02:20

Былтыр қалада 12 рұқсатсыз полигон анықталып, толық тазартылған

Almaty.tv

Қоқыс үйінділері азаяр емес. Алматылық мамандар тиісті жұмыс жүріп жатқанымен, нәтиже жоқ деп дабыл қағып отыр. Тексеріс барысында экология департаменті бірнеше рұқсатсыз полигонды әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастау мегаполистегі жауыр болған мәселенің біріне айналған. Көшелер күнара тазартылып, сенбілік жиі өтетініне қарамастан, кейбір тұлғалар тұрмыстық қалдықтарын лақтырып, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр.

– Қала тұрғындарына «қоқыс тастамасын» деген өтінішіміз бар. Азаннан кешке дейін сыпырып, жинаймыз. Бір аптаның ішінде қайтта жиналады. Ит, мысық қоқысты шашып кетеді, – деді қала тұрғыны Жорақұл Шермахамбетов

Іле Алатауының баурайындағы Наурызбай ауданында көркем табиғаттың сұлулығын жағымсыз көрініс құртып тұр. Аймақтың заңсыз қоқыс алаңына айналғанына 2 жылдай болған. Бұл жерде тұрудың өзі мүмкін емес, сасық иіс қолқаны қабады. Жергілікті билік бей-берекет шашылған қалдықтарды уақытылы тазартып, түсіндірме жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Алайда бәзбіреулер қараңғы батып, түн жамылған мезгілде үлкен жүк көліктерімен келіп, қалдықтарды тастап кететін көрінеді. Енді олар проблемалы аймақты қоршап, қосымша қоқыс контейнерлерін орнату үшін тиісті органға хаттама жіберді.

Заңсыз қоқыс алаңынан 16 "КамАЗ" қалдық шығарылған.  Қазіргі таңда алаң қайтадан толып тұр. Себебі белгісіз тұрғындар түнде көлікпен қоқыс төгіп кетеді, – деді Бостандық ауданы әкімдігі Көріктендіру бөлімінің бас маманы Айбек Қайдар.

Алматы қаласының экология департаменті алдыңғы мониторинг кезінде экологиялық талаптарды бұзып, қоршаған ортаны ластаған тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді әкімшілік жазаға тартқан. Былтыр қалада «Қазақстан ғарыш сапары» спутниктік мониторингі арқылы 12 рұқсатсыз полигон анықталып, толық тазартылған.

– Аудан әкімдерімен, мамандармен, эко белсенділермен бірге қаланың 8 ауданын аралап, бей-берекет орналасқан қоқыс орындарын анықтаймыз. Анықталған қоқыстарды жергілікті әкімшілікке хат жолданады. Егер мемлекеттік жерде орналасса, жоюға уақыт беріледі. Егер уақытылы жойылмаса, әкімшілік іс-шара қолданылады, – деді Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ерлан Жақиянов.

Экология департаменті жыл соңына дейін шаһардың тазалығын жіті қадағалап, бірнеше мәрте тексеріс өткізетінін айтты. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл арқалайды.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда зейнеткерлерді жұмыспен қамтыйтын жаңа жоба таныстырылды