Облыс орталығындағы жәрмеңкеге Жаңақорғаннан 130 тоннадан астам өнім әкелінген
Бақ өсіріп басқаға тегін бермесе де жеміс-жидегін делдалсыз сататындардың кезі басталды. Ауылдың дәмі – жәрмеңкенің сәні. Сыр өңірінде «Алтын күздің» алғашқы жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жәрмеңке – ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жылды түйіндер тұсы. Жиған-терген өнімнің қамбаға құйылып, елдің несібесіне айналар уақыты. Облыс орталығындағы жәрмеңкеге Жаңақорғаннан 130 тоннадан астам өнім әкелінген. Бақша дақылдарымен бірге мал азығы да бар. Мәселен 34 тонна бақша өнімдері, 7 тонна күріш қызу саудаға түсті. Ауданда биыл 35 мың гектарға егін егілген.
– 21 мың гектарға мал азықтық дақыл егілді. Негізгі дақылымыз күріш 7545 га ектік. Су тапшылығы сезілмеді. Қала халқына алғашқы жәрмеңкеде қолжетімді бағада үлестіріп жатырмыз. Бұл – диқан қауымның еңбегі, – деді Жаңақорған аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Өңірде егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық берілген. Шаруа қожалығы былтыр 30 мың гектар аумаққа 85 мың түп алма көшетін отырғызған болатын. Тамшылатып суару әдісімен өскен жеміс ағаштары алғашқы өнімін берді.
– Аллаға шүкір, бұйырған өнімді алып, халыққа таратып жатырмыз. 3 тонна әкелдік, сортына қарай 300-350 теңгеге сатып жатырмыз, – деді бағбан Есен Өмірәлиев.
Құнарлы өнімді қыстық азық етуге келгендердің қарасы қалың. Барлығы да ауылдың дәмін алуға асығады.
– Жаңақорғаннан келген қауын, қарбыздан алып жатырмыз. Дәмді, жақсы. Қала тұрамын, жылда жәрмеңкеден ауыл өніміз аламыз, – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Жұмаш Сапарқожаева.
Жәрмеңкеге шиелілік шаруалар 150 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін жеткізген. Негізгі дақыл күріштен бастап жергілікті жерде өсірілген өнімнің түр-түрі сатылды.
– Биыл Шиелі ауданында 31500 мың га өнім егілген болса, соның 13098 гектары күріш дақылы. Биыл күріштің өсімі жақсы. Бүгінде 3500 гектарға орақ түсті, – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов.
– 2,5 тонна асқабақ әкелдім жәрмеңкеге. Халықтың сұранысы жоғары.Арзан бағада 90 теңгеге сатып жатырмыз. Жекеменшік жерде картоп, асқабақ егеміз. Картопты келесі жәрмеңкеге әкелеміз, – деді диқан Жанарыс Құрманай.
Қала мен даланы жақындастырған жәрмеңкеге жұртшылық дән риза. Қыстық азығын қамдап, мол өнімнен қаптап алып жатыр. Қамбаны қызылға толтырып, елдің берекесін арттырған мәуелі маусым мерекесі жыл соңына дейін жалғаспақ.
Асқар Сәрсенұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Атыраулық бағбан тропикалық жеміс өсірмек